Музейдегі мазмұнды шара

(0 Votes)

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай аудандық музей және аналар кеңесімен бірлескен түрде «Ұрпақтар ұмытпайтын Ұлы Жеңіс» тақырыбындағы шара өткізілді.  Оған аудандық ардагерлер және әжелер кеңестері, «Ұлағат» кітап клубы, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерінің ұрпақтары, аудандық орталықтандырылған кітапхана, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысты.

Алғашқы сөз сөйлеген академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы ұрпақтары үшін жандарын пида еткен боздақтар мен елге аман-есен оралғандар алдында тағзым ету, зор құрметпен еске алу – бүгінгі буынның парызы екендігін алға тартты. Аудандық музей қорындағы жәдігерлерден жасақталған «Ерлік даңқы ешқашан өшпейді» тақырыбындағы көрме таныстырылып, майдангерлер өмірбаяндары баяндалды. Көрмеде соғыс қару-жарақтары мен құжаттар қатарында биыл музей қорына қабылданған Ұлы Отан соғысы ардагерлері Муса Досжановтың, Нұрмақов Минажиденнің, Жаудин Хамит пен Жаудина Марияның, ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Көшекбаев Нәубетқалидың бұйымдары,  орден-медальдары да орын тапты. 

Жоғарыда аталған ардагерлердің жәдігерлерін музей қорына тапсырған ұрпақтары Талғат Хамитұлы пен Сұлушаш Досжанова өз естеліктерімен бөлісіп, шара ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдірді.

Шараның жалғасы аудандық аналар кеңесінің Ұлы жеңіс күніне арналған ашық алаң бөлімімен жалғасын тапты.

Модератор, аудандық аналар кеңесі мүшесі Майра Амирова Ұлы Отан соғысы ардагерлері Жаудин Хамит пен Жаудина Марияның қызы Сәуле Хамитқызын, тыл ардагері Тапалова Самиғаның қызы Зейнеп Оразғалиқызын және тыл ардагері Мирасова Қадірлімнің туысы Мирасова Маржанды ортаға алып, қатысушылар қиындықты бастан кешкен майдандастар туралы жан тебірентерлік оқиғаларға қанық болды. Аудандық аналар кеңесінің төрағасы Б.Хасенова шараны қорытындылап, қонақтарға алғыс хаттар мен гүл шоқтарын табыс етті.

Айнагүл Күнұзаққызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT