Аудандық музейде көрнекті күйші-композитор, домбыра күйлеріндегі лирикалық әуен бағытының негізін салушы Дәулеткерей Шығайұлының туғанына 205 жыл толуына орай жас ұрпақты өнерсүйгіштікке, ұлттық құндылықтарымызды, мәдениетіміз бен тарихымызды қастерлей білуге тәрбиелеу мақсатында мектеп оқушылары арасында күйшінің өмірдерегіне, шығармашылығына негізделген зерттеу жұмыстары отырысы өткізілді.
М.Әуезов мектебінен Қуанғалиқызы Балауса мен Б.Бегәлиев орта мектебінен Ғайнулла Ержан Дәулеткерей Шығайұлының қоғамдағы қызметі туралы баяндамаларын жасап, Шүкірбай Ақмарал (М.Әуезов жалпы орта мектебі) мен Асылбекқызы Анель (Б.Бегәлиев жалпы орта мектебі) күйшінің өмірбаянына егжей-тегжейлі тоқталды. Таңатар Нұрайым (М.Әуезов жалпы орта мектебі) мен Серік Аққу (Б.Бегәлиев жалпы орта мектебі) Дәулеткерей Шығайұлы күйлерінің шығу тарихы, күйшілік өнері туралы зерттеу жұмыстарын қорғады.
Бағалаушылар алқасы болған аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдіскері Г.Хамзина, Абай орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ғ.Жағыпарова және Құрманғазы аудандық музей меңгерушісі Ж.Хайрошова өз кезектерінде қатысушылардың жұмыстарын талқылап жүйелей келе Асылбекқызы Анель мен Ғайнулла Ержанның жұмыстарын жоғары бағалап, өзге қатысушыларға ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйін мектеп оқушылары Карлов Азат пен Аманжол Сабина орындады.
Музей меңгерушісі Ж.Хайрошова қорытынды сөз сөйлеп, оқушыларға алғыс хаттар табыстап, кітаптарды сыйға тартты.
Айнагүл Күнұзаққызы