Музей - тарих қоймасы

(0 Votes)

18 мамыр - музей күні.

Қасиетті Құрманғазы ауданы сан ғасырлық тарихы, бай шежіресі бар, есімі күллі қазақ жеріне тараған асыл арыстарымызды өмірге әкелген киелі өлке. Бүгінгі жаһандану заманында өлкеміздің заман белестеріндегі әлеуметтік саяси оқиғаларын, бізді қоршаған кеңестіктің ғажайып өзгерістерін көрсететін музей жәдігерлері мен қатпарлы қалың құжаттары- баға жетпес рухани қазына, ұлттық байлық.

Осындай киелі өлкенің өткен және қазіргі тарихы туралы сыр шертетін, рухани қазынамызды жинақтап, зерттеп, зерделеп, тарихын халыққа танытып отырған Құрманғазы аудандық музейінің негізгі бастау көзі мектеп музейінен басталады. 1963 жылы мектеп жанынан ашылған қоғамдық негіздегі музей бұрышы болып қаланады.

Мектеп жанынан ашылған қоғамдық негіздегі музейді ұйымдастыруға үлес қосқан өлкетанушы, тарих пәнінің мұғалімі Бектенов Зариф өлкеміздің тарихи шежіресі музейдің негізін қалыптастыруға еселі еңбек сіңірді. 1971-1979жылдар аралығында Теңіз аудандық мәдениет үйінен орын беріліп халық музейі аталды. 1979жылы 23 шілдеде Теңіз аудандық Атқару комитетінің шешіммен көрермендерге өз есігін ашып, аудандық мұражай болып құрылды. Оның алғашқы директоры аудандық атқару комитетінін №90 санды бұйрығымен 25 шілдеде 1979ж. Ұзақова К.Н. тағайындалады. Кейін Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің 26.05. 1982ж. №191 санды бұйрығымен Атырау облысы тарихи-өлкентану музейінің Құрманғазы аудандық бөлімшесі болып құрылды. Музей жұмысының негізгі бағыттары-зерттеу, жинақтау, тіркеу-сақтау, экспозициялық және насихаттау жұмыстары. Өлке тарихына байланысты мұрағаттарды жинап, зерттеп, халыққа жеткізуде және музейдің қалыптасуы мен дамуына айтарлықтай үлес қосқан өлкетанушы /1986-1996ж.ж./ Жолжанов Мақсоттың жұмыстарын атап өтуге тұрарлық. Музей үйінің тарлығы жыл сайын көбейе түскен жәдігерлердің барлығын халыққа көрсетуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан 1992жылдары жергілікті автобаза мекемесінің көмегімен музей үйі жанынан қосымша құрылыс салынып, мекеме кеңейтіледі. Халқымыздың тарихымен біте жасасып келе жатқан қолөнерін, қазақ жерін мекендеген сақ, қыпшақ және басқа да тайпалардың тарихын, өлкеге қатысты маңызды дерек көздерін жинастыруда көп жұмыстар атқарды. Елімізде болған нарық жылдары музейге де өз зардабын тигізбей қоймады, сол уақытта жарық берілмеген қиын кезеңдерде болды.

Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін музейде халыққа қызмет ету ісін уақыт талабына сай жаңаша бағытта жүргізіле бастады. Музейге көрермендерді тарту мақсатында жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып, жеке адамдардың іс-құжаттары, өлкеге қатысты маңызды дерек көздері қамтылып, жеке тектік құжаттар қорға алынды. Музей ісінің өсіп-өркендеуіне өз қолтаңбаларын қалдырып, басшылық қызмет атқарған Құлымова Амангүл, Құмарғалиев Орынғали, Мырзағалиев Ғалымжан, Абдуллин Әбдірахим, Тауманова Гаухарлар болды. Музей қоры өлкенің мұрасын паш ететін көптеген жинақтамаға ие. Музей жинақтаған жәдігерлерді сақтап қана қоймай, заттық және рухани құндылықтарды танытып, зерттеп, мазмұнын насихаттап, осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды роль атқарады.

Музей қорында ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі материалдық және рухани құндылықтардан тұратын: археологиялық, тұрмыстық және этнография, қолөнер мен сәндік бұйымдар, нумизматика, сирек кездесетін қолжазбалар, тарихи деректі құжаттар мен фотосуреттер, қару-жарақтар, аң-құстар тұлыптары жинақталған. Бүгінгі күні музей қоры - 11398 сақтам бірлікті құрайды, оның ішінде - 7933 сақтам бірлік негізгі қорға жатады. Қазірде музей ісіне үлкен серпіліс беріп, заман талабына сай жаңа бағытта жұмыс жасап отыр.

Музейдің бүгінгі осындай жетістігіне ауқымды үлес қосып келе жатқан Мусағалиева Ақмарал, Мадирова Жазира, Садыхов Нұрлан, Қаратекеева Мендігүл, Шатанова Назгүл, Юсупова Халилалардың еңбектері өлшеусіз деуге болады. Музейдегі әрбір жәдігер өлкеміздің өткені мен бүгінгісін білуде өзіндік құндылығымен ерекшеленеді. Қазіргі уақытта музейде халықпен байланысты орнату, тарихи-танымдық сабақтар, еске алу кештері, өлке тарихында өзіндік орны ерекше бар жеке тұлғалар көрмесін ұйымдастыру, уақытша және жылжымалы көрмелер, түрлі бағыттағы мәдени шаралар, шеберлік сағаттары, квест ойындарын ұйымдастыру жұмыстары атқарылып, келушілердің музейге деген ықыласын арттыра түсуде. Кейінгі буын өкілдері оқушыларға өлкеміздің тарихын насихаттауда аудандық мектептер мен тығыз байланыста болып, әр түрлі тарихи тақырыптарда музей сабақтары, дәрістер, лекциялар өткізіліп тұрады. Музей қызметкерлері рухани байлығымыз – тарихи мұраларымызды болашаққа жеткізуде және қорды тың жәдігерлермен толықтыруда әліде жұмыстанып, халық игілігіне қызмет ете бермек. Барша музей қызметкерлерін, әріптестерімді 18 мамыр музей күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Жазира Хайрошова,

Құрманғазы аудандық музейінің меңгерушісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT