«Адамның басы – Алланың добы» дейді. Ақиқатында адам басына не жазылатыны бізге беймәлім. Қадыр ауылының тұрғыны Айгүл Жанғазиева - І топ мүгедегі.
1985 жылы 1 қаңтарда дүниеге келген. Еңбекші жалпы орта мектебінде 11 жыл білім алған. 2002 жылы ойда-жоқта көлік қағып, 5 жылдан соң көзі көрмей бастаған. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдыратын әдеті ғой. 2017 жылы дәрігерлердің уколды қате салуынан аяғынан мешел болып, қазір белінен төмен жансызданған. Осылайша алты жылдан бері ауыр дертке шалдығып, арбаға таңылып қалған ол тағдырдың басқа салған ауыр сәттерін аса қайсарлықпен өткеріп келеді. Өмір оны аз сынамаған. Сүйейтін, сүйенетін жақыны жоқ. Мал шаруашылығымен айналысқан еңбек адамдары - ата-анасы бүгінде келместің кемесіне мінген. Дерттің тырнағына ілікпей тұрып, жалғыз құлынын ешкімге алақан жаймай бір өзі асыраған. Мүгедектер арбасына да өздігінен отырып-тұра алмағасын, төртінші сынып оқитын кішкене ұлының қолына қарады.
Қазіргі таңда 9-ншы сыныптағы ұлы дәретіне отырғызып, суына түсіріп, аузына тамағын тосып отыр. Баласы сабаққа кеткенде мұқтаж жанды қарайлайтын кісі жоқ. Сол себепті ұлы анасын аяп, соңғы сабақтардан қашып та келеді екен. Екі ортада жалтақтап жүрген жасөспірімнің сабақ үлгерімі де күрт нашарлап кеткен. Айгүл ержеткен ұлының қолынан дәрет алып, көзінше жуынуға арланады. Ана мен бала шарасыздықтан әбден қажып бітті. Амалы құрыған ана өз аяқ-қолымен емін-еркін тамағын ішіп, ешкімге қиындық көрсетпеуді күн-түні Құдайдан тілеп, әр сәтін жастығын жасқа малумен өткізіп жатқан жайы бар. Жұпыны баспанада адам айналып өтер бос жер жоқ. Құрқылтайдың ұясындай ғана бөлмедегі ескі диванда Айгүл жатса, ұлы жерге жантаяды. Үшінші адамға тарлық ететін бұл мекен өздеріне ыстық. Кіреберіс қуықтай орында ас үй жабдықтары қойылған. Сәл жаңбыр жауса, төбеден су тоқтамайды. Ауыз суды да қаршадай ұл даладан тасиды. Жазда ыстық, қыста үйдің іші денені мұздатады. Көнбеске амал қайсы?! Бүгінде ол тек үкіметтен берілетін жәрдемақыны ұлы екеуіне талғажау етуде. «Өзіміз ақша үнемдеп, баспана алғымыз келген», – дейді қайсар ана. Оның оңай емесін ішкі түйсік түйсінеді. Арлы ана ешкімге алақан жайғанды ұнатпайды. Бірақ сұрығы кеткен баспана оған өте қолайсыз. Денсаулығы да көрген жанның көзіне еріксіз мұң ұялатады.
Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Бекзат Қазихановпен сөйлескенімізде, жарымжан әйелдің жағдайын үнемі қадағалап жүретінін алға тартты. Өз тараптарынан жерлесіміздің аяғына тұрып кетуіне көмектесіп, білікті дәрігерлерге көрсету үшін квота алуға жұмыстануда. Сонымен қатар, “Харекет” қорына ұсыныс жасап, Айгүлге жаңа үй алғысы келетін ойлары барын жасырмады. Аудандық мәслихат төрағасы Гүлжаннат Қалиева да Айгүлдің үйіне арнайы барып, хәл-жайынан хабар алған екен. Айгүлге қаржылай көмек көрсету мақсатында жеке банктік шоты әлеуметтік желіде таратылған еді. (8702-510-68-94 каспий голд Айгуль Жангазиева) «Көп түкірсе көл». Біздің абайсызда қалтамыздан түсіп те қалатын азын-шоқы ақшамыздың басы құралса, нағыз соған зәру пендеге риясыз қуаныш сыйлары анық. Қалай десек те, тағдыр дауылынан ықпаған қайсар ана қажымас болмысымен ертеңнен тек жақсылық күтеді. Жалғыз ұлын бақытына балаған Айгүлге көмек қолын созар ауылдастар барына еш күмән жоқ.
Еркеназ Қалижан