Мәшһүр Жүсіп оқулары өтті

(0 Votes)

Теңіз ауылдық округінде, Ю.Гагарин атындағы орта мектепте республикалық «Мәшһүр Жүсіп оқулары» конкурсының аудандық кезеңі өтті. Конкурсқа аудан мектептерінен отыздың үстінде оқушы қатысты.  Мақсаты – философ ақынның рухани мұрасын дәріптеу, онда бейнеленген туған жерге сүйіспеншілік, белсенді азаматтық ұстанымда жас ұрпақты тәрбиелеу, тұлғаның зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамыту, туындыларындағы ел мен жерді құрметтеу, аялау, қадірлеуді бойларына сіңіру.

Аталған конкурсқа қатысушылар «Алдыма өлең жаз деп қалам келген, Сөзімді сөйлеп бақтым мен де білген» атты І бөлімінде берілген «Туған жерім тұғырым», «Елім деп өсер ұланмын» тақырыптарына 40 минут уақытта төрт  шумақ өлең жазды.

Қорытындысымен Нұрай Жолмұханбетова (Еңбекші) І орын иеленді. ІІ және ІІІ орындарды Аружан Айтжанова (Бегалиев) пен Арсен Сарсеков (Иманов) еншіледі. «Бас болып өнер білсең тіпті жақсы» атты ІІ бөліміне қатысушылар ғылыми зерттеу жобасын қорғады. Абай орта мектебінің оқушысы Нұрайна Таңатар бәрінен үстем түсіп, өз жобасын жақсы түсіндіріп І орыннан көрінді. ІІ орынға Нұрайна Нұржанқызы (Б.Бегалиев), ІІІ орынға Альбина Жұмашева (Нұржау) мен Әйгерім Жәнібекқызы (Ю.Гагарин) тұрақтады. Гүлжан Уахитоваға (Ғ.Мүсірепов) Алғыс хат табыс етілді.  Үшінші, «Білімді, зерек адам болам!» «Қара өзіңді басқаның айнасынан» бөлімінің оқушылары эссе жазды. Мұнда Шұғыла Серік (Манаев) І орын алса, Мейірім Жеткіншекқызына (Алтынсарин) ІІ орын тиді. Айнара Марданова (Лабай) мен Алуа Ерғуатова (Ломоносов) үшінші орынға лайық деп танылды. Панфилов орта мектебінен қатысқан Нұрайым Рамазан Алғыс хатпен ұлығыланды. Төртінші, «Ұлы даланың ұл есімдері» – ұлттың ұлы тұлғаларын сипаттау бөлімінде қатысушылар Мәшһүр Жүсіп туындыларының кейіпкерлері туралы қалам тербеді. Сәулет Умарова (Ә.Сәрсенбаев) – бірінші, Инабат Насифолла (Ы.Алтынсарин) – екінші, Ләйла Сағат (Д.Нұрпейісова), Назерке Таңатар (Абай) – үшінші орын алды. 

Аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова конкурсты қорытындылап, әрбір бөліміне жеке баға беріп, оқушылардың жақсы дайындықпен келгенін, кейбір «әттеген-ай» дегізген тұстарын айтып, алға қарай қорытынды шығаруларын сұрады.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT