Мұражай қоры құнды құжаттармен толықты

(1 Vote)

Жерлесіміз Уалитхан Танашев жазықсыз қудалауға ұшыраған қазақ зиялыларының бірі. 1937 жылы бұрынғы алашордашы ретінде тұтқындалады. Артынан босатылып, 1949 жылы сол айыппен қайта тұтқындалып, 1955 жылы босатылып, бірақ Қазақстан аумағына енуге тыйым салынады. Аудандық мұражайға Ибрагим Танашевтің  келіні, сол кісінің шөбересі Асылбек Әмірханұлының жұбайы  Гүлмира Тәшенова келіп, У.Танашевтің құжаттарын, түрлі жылдары жазылған сарғайған хаттарын, суреттерін, қолданған бұйымдарын табыс етті.

Аудандық музейдің басшысы Жазира Хайрошева: – Біздің музейімізде 11 мың жәдігерлер бар. Уалитхан ағамыздың құжаттарын бізге аманаттап әкеліп жатырсыз. Музей – мемлекеттік мекеме сондықтан бұл ешқашан қолды болып кетпейді. Қорымызда ғасырлар бойы сақталады деп айта аламын. Комиссиямен облысқа жібереміз, содан кейін қабылданады. Мына Мақаш әкімнің суреті, медальдары бәрі де ерекше дүние. Мақаш Бекмұхамбетовтің мұндай суреті бізде жоқ. Бұл бізге беріліп жатқан үлкен мұра, – деп  ризашылығын білдірді.

Уалитхан Танашевтің келіні Гүлмира Тәшенова сөзге тартқанымызда:– Аталарымыз туралы мәліметтерді жинауды  2023  жылы  бастаған едік. Себебі сол кезде біз  кімнің ұрпағы екенімізді білдік. Оған дейін  ата-аналарымыз  қудалаудан қорқып бәрін жасырып келген. Біздің әулеттен 17 адам қуғын-сүргінге ұшырап, 14-сі атылған. Содан бастап атамызды іздеуге кірістік. ЮТУБ арнасында Кудряшовта тұратын Юра есімді жігітпен таныстық. Юра осы мұражайға келіп, мұнда Уәлихан Танашевке арналған бұрыш барын бейнебаянға  түсіріп  көрсетті. Осыдан кейін біз барлық архивтерден, туыстарымыздан құжаттарды жинауды бастадық. Үйде Уалитхан Танашевтің  архиві, 1939-1940 жылдары жазған хаттары, еңбек  кітапшасы сақталған. Ақылдаса келе  мұның бәрі халықтың мұрасына айналуы үшін олардың  аудандық мұржайға тапсыру қажет деп шештік. Сонымен қатар Қазан қаласының Новотатар қорымынан ол кісінің бейітін таптық. Басындағы жазуын татарлар өз тілдерінде жазуды ұсынды. Бірақ, олай етсек іздеп барған қазақтар оқи алмайды. Қазақша жазсақ, оны татарлар түсінбейді. Сол себепте туған және өмірден өткен жылдарын орысша жаздық.  Биыл бейітіне жаңартылған ескерткіш қойылып, 15 қыркүйекте Татарстанның ғылым академиясында  Татарстан республикасында Қазақстанның консулының қатысуымен Уалитхан Танашқа арналған дөңгелек үстел өтеді.  Аудандық мұражайға Уалитхан Танашевтің хаттарын, Мақаш әкімнің құжаттары мен медальдарын, Назира Кұлманова, Қадыр Кұлмановтың ол туралы шыққан кітаптарын, Мақаш атаның ұстаған-ыдыс аяғын, суреттерін  әкелдік. Бұл құжаттарды Татарстаннан монография жазуға да сұраған, – деді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT