Құрманғазы аудандық прокуратурасында Қазақстан Республикасы Президентінің тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге 3 жылға мораторий енгізу туралы жарлығын түсіндіру мақсатында жиналыс өтті.
Оған бақылаушы-қадағалаушы органдардың өкілдері қатысты.
Жиналысты аудан прокуроры Магилан Рахимов ашып, қатысушыларды таныстырған соң:
– 2019 жылдың 26 желтоқсанында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев шағын кәсіпкерлікті, оның ішінде микрокәсіпкерлікті дамыту мақсатында тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге 3 жылға мораторий енгізді. Ол 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімге белгіленді. Осы жарлыққа сәйкес аудан прокурорының өкімімен мобильдік топ құрылды. Топ туралы ақпарат Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы ауданы бойынша филиалы және аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газеті арқылы кәсіпкерлердің назарына жеткізілді. Түсінбейтін сұрақтар, кездесетін мәселелер болса бірлесіп талқылап шешейік. Заңсыздыққа жол бермеуіміз керек. Бұл бас прокуратураның, облыстық прокуратураның қойып отырған талабы. Қай жерде қандай тексерулер жүргізіп жатырсыздар күнделікті қадағаланады,- деп Жарлықты кеңірек түсіндіру үшін сөзді орынбасарына берді.
Аудан прокурорының орынбасары Аянбек Сүйінәлиев мораторий жүрмейтін профилактикалық бақылау, қадағалау, түрлі тексерулерге тоқталып өтіп:
– Осы Жарлықтың 1 және 2 тармақшаларында көзделген тексерулер орталық мемлекеттік немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының шешімі негізінде жүргізіледі. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне 2019 жылы басталған тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге қолданылмайды. Жаңа аудан прокуроры айтып өткендей Мобильдік топ құрамына өзім, аудан прокуратурасының прокурорлары Ержан Иманғазиев, Азамат Есім енгізілді. Негізгі мақсаты кәсіпкерлердің құқықтарын қадағалау аумағында қорғау, заңсыз тексерулерді болдырмау. Біздер «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына және аудандық кәсіпкерлік бөліміне шағын бизнес өкілдері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде хат жолдадық. Мұны өз тарапымыздан да жүргіземіз. 2015 жылы бір жылға мораторий жарияланды, бұл жолы да талаптар дәл сондай, - деді.
Жиын барысында бақылаушы, қадағалаушы органдар өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды. ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясы бастығы Арман Құмарғалиев:
– Қазір жеке кәсіпкерлер базардан басқа жер-жерде үйінің айналасынан қойма ашып алып отыр. Біз оларды тексермейміз, бірақ заңға қайшы келсе шара қолдану міндетіміз. Мысалы, ағаш сатып отырғандар ірі көлікпен ешқандай құжатсыз әкеліп жатырғанында үстінен түссек, көз жұмып қарай алмаймыз, заңды түрде жауапқа тартамыз,- деді. Аудан прокурорының орынбасары А.Сүйінәлиев туындаған сұраққа орай енді бұрынғыдай үлкен және кіші субъект деп алдын ала жоспарланып, немесе жоспардан тыс, белгілі бір мерзіммен тексерілмейтінін жеткізді. Аудан прокуроры Магилан Рахимов: – Кеше бір жиында егін өнімдерін көбейту, ауыл шаруашылығын көтеру керектігі айтылды. Оны шеттен әкеліп сатқан соң, жергілікті өнімдер өтпейді. Кәсіпкерлеріміздің жұмысының жүрмейтіні сол. Жыл бойы қанша күш, қаржы жұмсап егін егеді, айналып келгенде сол еңбектерін ақтай алмайды. Сырттан тасымалдайтындардың тиісті құжаттары бар ма?! Өнім тексеріле ме?, - деп осыны шекарада реттейтін маман бар-жоғын сұрады.
Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясы бастығы А.Құмарғалиев бұл мәселе алға қарай шешілетінін айтты.
Аудандық тауарлармен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Жандыбаев өз қызметтері жайлы түсінік бере келе:
– Тауар әкелушіден өндіріс орнының сертификатын, Кедендік одақтың декларациясын талап етеміз. Біз жауапқа тартпаймыз, ұйғарым береміз. Соған сәйкес тексеруге құзырлы орган он күн ішінде барлық құжаттарын сұратады. Азық-түлікті тасып жүргендердің көбінде ол жоқ. Қазір мерзімі асқан тамақтарды да сатып жатыр. Құжаттары сәйкес келмесе департаментке жібереміз, олар комитетке беріп сол арқылы мәселе шешіледі. Сауда жасайтын адамдар тауарды шекарадан бүкіл құжаттарымен өткізуі керек,- деді.
Аудан прокурорының орынбасары А.Сүйінәлиев Президенттің жарлығы шыққаны тауарды құжатсыз, сертификатсыз сата беріңдер дегенді білдірмейтінін жеткізді. Алайда, бірден бассалмай, осыны кәсіпкерлерге жақсылап түсіндіру керек.
Аудандық ветеринария бөлімінің бас маманы Асылбек Есекеев:
– Мен ішкі сауда нысандары мен мал сою пунктеріне жауап беремін. Базарға барып онда өнімін өткізіп тұрғандардан сертификат сұрасаң шошып кетеді. Мораторийді қолдаймыз, бірақ ол шағын бизнес өкілдерінің арасында қате түсінік қалыптастырмауы тиіс. Бір кәсіпкер «Мораторий жарияланды, ветеринария бөлімінен сынама алуға келсе бермеңдер», деп бүкіл дүңгіршіктеріне айтып шыққан. Әр дүңгіршіктің өзі бір кәсіпкер болып есептеледі. Біз өз жұмысымызды тиісті дәрежеде атқаруымыз керек. Кәсіпкерлерден заңдылықты сақтауды талап етеміз. Бәрі дұрыс болса ешкімді де жауапкершілікке тартпаймыз. Алайда тексерді деп үстімізден арызданып жатады. Арамызда алды финполдан, арты прокуратурадан шығып, айыппұл да төлеген жігіттер бар, - деді.
Қатысушылардан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Құрманғазы ауданы бойынша филиалының директоры Ұлыбек Өтегенов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Найзабек Құбашев пікірлерін ортаға салды. Жиынды аудан прокуроры М.Рахимов қортындылап, туындаған кейбір сұрақтарға алдағы күндерде тиісті жауаптары берілетінін жеткізіп, мораторийді жүзеге асыруда өзара түсіністік танытып, бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Қанат ҒҰМАРОВ