Мобильді аударым мазалап тұр...

фото: редакция қорынан
(0 Votes)

Жыл басталғаннан бері кейбір дүкендер мен сауда орындары, өзге де қызмет көрсетушілер төлемнің қолма-қол қабылданатынын ескертуде. Бірқатар кәсіп нысандары мобильді аударымнан бас тартып, тек нақты ақшамен есеп айырысуға кірісті.

Осы уақытқа дейін тұтынушы сауда жасаған уақытта алған тауарына төлейтін төлемін екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тауар иесінің жеке шотына аударып келді.

Салық органдары заңсыз кәсіпкерлік қызметті болдырмау үшін тиісті бақылау жүргізуді қолға алды. Ол бойынша 2024 жылдан бастап банк ұйымдары жеке кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді салық органдарына беретін болады. Егер күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алынса, онда бұл азаматтар бақылауға алынады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлер мен тұтынушылар арасында әр түрлі наразылықтар туғызып отыр. Себебі, кәсіпкер қосымша салық төлемеу үшін, халықтан қолма қол есептесуді талап етуде. Бірақ бұл дұрыс емес. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында Атырау кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы алаңында құзырлы органдар мамандары кәсіпкерлермен кездесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Мәселеге орай сөз алған аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Насипов екі жаққа да тиімді жолдарын қаперге берді. – Ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желіден құлағдар болып жүргеніңіздегідей, заңдағы өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Бұл – заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған шара. Кәсіпкерлік қызметке арналмаған банк шотына айына 100-ден астам аударым жасалса, және үш ай қатарынан қайталанса, мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғадан салық талап етуге құқылы болады. Сәйкесінше, бұл операциялар кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар операциялар қатарына жатқызылады. Банктен келген деректер негізінде мемлекеттік кірістер органдары тексерудегі кәсіпкерлерге хабарлама жібереді. Жеке шоты тексерілу барысында ол расымен кәсіпкерлік мақсатта тапқан табысы болса, оған қосымша салық төлеуге міндетті болады, - деген ол мобильді аударымдар «QR-код» арқылы жасалса қиындықтар туындамайтынын айтты.

Мобильді аударымдар жайлы қосымша толықтыра кетеріміз, заңға қайшы іс-әрекет жасаған кәсіпкерге алдымен ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанатын болса, оған 20 айлық есептік көрсеткіш(АЕК) айыппұл салынады. Бұл – 73 мың теңге. Алайда жеке тұлғалар, бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін – кез келген адамына өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай береді және қабылдай алады.

Бұған қатысты «Халық банк» АҚ аудандық филиалының басқарма басшысы Аслан Нұртазаев, «Құралай корпорациясы» ЖШС менеджері Батырбек Әміров, аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Нұрлыбек Шакупов, «Құрманғазы ет кешені» басшысы Бержан Кенжебаев өз ойларын білдірді. Жиынға қатысып отырған кәсіпкерлер де өздері түсінбейтін тұстарды мамандардан нақтылап алды. Атап айтсақ, QR-мен төлеген жағдайда, кассалық аппарат арқылы қоса шығарылатын чекті алып тастау, салық органдарының жұмысын екінші деңгейлі банктердің бағдарламаларымен өзара тиімді интеграциялау, дара кәсіпкерлер үшін қосымшы құн салығына қойылған шектік норманы көтеру, аудан аумағында «Каспийбанк» бөлімшесін ашу, елімізден тысқары аймақтарға тауар жөнелтуші кәсіпкерлердің төлемдерді QR немесе Post-терминал арқылы қабылдау, шекаралас Ресей Федерациясынан импортталатын тауарларға төленіп отырған 12 пайыздық салықты ескере отырып, бөлшек салық ставкалары үшін алынатын алымды 2 пайызға түсіру, дара кәсіпкерлердің «Каспийбанктегі» жеке шотындағы қаржысын қолма-қол алу үшін жеке тұлғаларға қаралған бір күнге қойылған шектік нормадан бөлек арнайынорма қоюды қарастыру туралы ұсыныстар айтылды.

Басқосуда талқыланған келесі мәселе - жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі туралы да аудан бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Насипов түсіндіріп өтті. - Қазақстанда кірістер қызметімен мүлікті жалпыға бірдей декларациялауды енгізу төрт кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта екі кезеңінен өтіп, үшіншісіне келіп жатырмыз. Ол бойынша ағымдағы жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, яғни қатысушылары және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер де жұбайларымен бірге декларация тапсыруға міндеттеледі. 2025 жылы өтетін төртінші кезеңде азаматтардың қалған санаттары қатыстырылады. Оны тапсырудың еш қиындығы жоқ, қалтаңыздағы телефоныңызбен «еSalyq Azamat» мобильді қосымшасы арқылы жасай беруіңізге болады. Қағаз тасығышта ағымдағы жылдың 15 шілдесінен, электронды түрде 15 қыркүйекен кешіктірмей тапсыру қажет. Осы ретте сіздерді бұған аса маңыз беріп, салықтық міндеттілікті орындайды деген сенімдімін, - дей келіп декларациялауға қандай мәліметтер ұсынылуы қажеттігін еске салды.

Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлыбек Төлепов Нұрлыбек облыстық мәслихатқа бөлшек салықтың арнаулы режимін қолдана алатын қызмет түрлері үшін бөлшек салық мөлшерлемесін 2 пайызға дейін төмендету туралы ұсыныс жіберілгенін қаперге берді. Бірақ, мұндай қадамға барғанда аудан бюджетінің 80 пайыздайы дотациялық болғандықтан салықтан түсетін кірістердің азайып кету қаупі барын алға тартты. Жиынды қорытындылаған кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов айтылған ұсыныстардың барлығы хаттамаға енгізіліп, кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалына жолданатындығын жеткізді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT