ХХІ ғасыр – жаңа инновация мен бәсеке ғасыры. Ұлттық құндылықтарды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті өзіндік жеке көзқарасы қалыптасқан тұлға тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Өз бетімен білімді игеріп қана қоймай, тәжірибеде қолдана алатын шәкірттерімізбен жұмыстарымызды күшейтуіміз керек. Өйткені баланың бір іспен айналысуына ерекше құлшынысы мен қабілеті кішкене кезінен байқалатыны белгілі.
Дарынды балалармен жұмыс жасау қазіргі қоғам үшін өте маңызды мәселе болып отыр. Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта мектебінің 6-сынып оқушысы Абилхайр Мұхамедияр Нұрланұлы – ерекше дарынды өрен. Мұхамедиярдың ғылымға қызығушылығын тани алған анасы, әрі ұстазы Зульфара Жұмабайқызы 5-сыныптан бастап информатика пәнінен жарыс-сайыстарға баулып келеді. Жаңаны тануға, өз бетімен ізденуге талпынысы жоғары Мұхамедиярдың жеткен жетістіктері де орасан. 2022-2023 оқу жылында ХVІІІ «Зерде» республикалық 2-7 сынып оқушылары арасында зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстардың конкурсының жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша ІІІ жүлделі орынды қанжығасына байласа, Республикалық «SCRATCH Olympiad -2024» конкурсынан І орынды иемденіп, шығармашылық жобасы халықаралық конкурсқа ұсынылып, Сертификатпен марапатталды.
Облыстық «First lego league Challenge» конкурсынан «Engeneering Excellence Award» номинациясына ие болды.
Күні кеше ғана, 21-24 ақпан аралығында 2-7 сынып оқушылары арасында өткен ХІХ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсының жаратылыстану-математикалық бағыты, «Информатика, робототехника, STEM инженерия» секциясы бойынша жүлделі І орынға ие болып, мектеп ұжымын ерекше қуантты. Зерек те зерделі Мұхамедияр барлық пәндерді тек үздік бағаға оқиды. Шетел әдебиетін оқығанды ұнатады. Өзінің білімі мен білігін республика деңгейінде дәлелдей алған Мұхамедияр бос уақытын да тиімді өткізетіні көңілді қуандырады. Бос уақытында Udemy орталығынан математикалық сауаттылығы мен ағылшын тілінен ақылы курстарға қатысып, білімін толықтырып жүр. Білсем, үйренсем деген бойындағы керемет құндылықты өз отбасынан бойына сіңірген Мұхамедиярдың үлкен атасы, мархом Файзолла Жұмақашев облысқа танымал азамат болды. Болашағының кілті өз қолында екенін түсіне алған Мұхамедиярдың мақсаты да айқын. Еліміздің белді мектептеріне оқуға қабылданып, IT мамандығын игеру Мұхамедиярдың асқақ арманы. Ол ғылым мен білім жолында әлі талай жаңалықтардың жаршысы бола алатынына сенімім зор.
Эльмира Нариманбекқызы,
Мұхамедиярдың сынып жетекшісі,
Қадыр Мырза Әли атындағы жалпы орта мектебі.