Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Ю.Гагарин атындағы орта мектепте республикалық «Мұқағали оқуы» байқауы өтті. Аталған байқауға аудан мектептерінен 7-11 сынып аралығында отыздың үстінде оқушылар қатысты.
Байқаудың «Айтып өткен ақында арман бар ма?» атты бірінші бөлімі М.Мақатаевтың бірнеше өлеңдерінен үзінділер оқудан тұрды.
Аталған бөлім бойынша І орынды ақынның 52 өлеңін жаттап, қайсысын сұраса да мүдірмей айтқан Б.Бегалиев орта мектебінің оқушысы Мәдина Құзайырова иеленді. ІІ орын Ақерке Исламғали (Алтынсарин) мен Шұғыла Талаповаға (Шортанбай) тиді. Нұрғанат Аюпов (Иманов), Нұрайна Таңатар (Абай), Мадина Алмасқызы (Ломоносов), Асылы Биман (Құрманғазы) ІІІ орын алды. Құралай Ғайсақызы (З.Серікқалиев), Назгүл Нұрланова (Гагарин), Айбибі Әділбекқызы (Мұқанов) Алғыс хаттармен марапатталды.
«Жыр эстафетасы» атты екінші бөлімде қатысушылар екі оқушыдан шығып, Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», «Алтай-Атырау», «Райымбек, Райымбек» атты поэмаларын жатқа оқыды.
Оның шарты бойынша бірінші оқушыны әділқазылар кез-келген жерінен тоқтатқанда, екіншісі әрмен қарай жалғап кетуі тиіс болды. Бұл бөлімде Абай орта мектебінен қатысқан Бақыт Айыпқалиева І орынға лайық деп табылды. Панфилов орта мектебінің 8 сынып оқушысы Іңкар Айболат ІІ орын алды. Милана Саясатова (Ф.Оңғарсынова) мен Айсезім Нәбидолла (Нәжімеденов) ІІІ орынды еншіледі.
«Көкірегімде жыр сәулесі маздайды» атты үшінші бөлімінде қатысушылар берілген тақырып бойынша өз ойынан 3-5 шумақ өлең құрастырды. Мұнда Илнара Тұралбекқызы (Имашев) І орын алса, Фаризат Мәди (Уәлиханов) ІІ орынды иеленді. Мақсат Сұңғатқа (Құрманғазы) ІІІ орын тиді. Ақсәуле Есенбай (Гагарин) Алғыс хатқа ие болды.
Шараны аудандық білім бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова қорытындылап, аталымдар бойынша марапаттар табыстады.
Қанат ҒҰМАРОВ