Бұрынғы қалыпты өмірді, мамыражай тұрмыс кешуді армандаған әлем мемлекеттерінде 2021 жыл індетпен күресетін жылдың соңғысы болса екен деген тілек бар. Оның соңғы боларына вирусқа қарсы вакцина қаншалықты ықпал ете алады?
Ол да әлі беймәлім. Болжам бойынша, елімізде 2 млн адамға вакцина салынған жағдайда алғашқы жартыжылдықта вирус жұқтырғандар саны 40 мыңға дейін азаяды. «Бірінші кезеңдегі вакцинация иммунитет қалыптастыру үшін керек және бір мезетте бірнеше адамға вакцина салу мүмкін емес. Кейіннен вакцинацияның әсері болып, елдегі эпиджағдайдың тұрақтануына әсер етеді» деді Денсаулық сақтау министрі А.Цой Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкімет отырысында.
Иә, Қазақстанда 1 ақпаннан бастап иммундауға жататын халықтың осал топтарына коронавирусқа қарсы вакцинация егу жұмыстары басталды. Бүгінде үш кезеңмен өтетін вакцинациялаудың алғашқы сатысында Ресейде шығарылатын Гам-Ковид-Вак вакцинасы қолданылмақ. Екінші кезеңде дәл сол вакцинаның Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген түрі жалпы білім беретін мектептердің, жоғары оқу орындарының педагогтарына, бірінші кезеңге кірмеген медициналық қызмет мамандарына салынады. 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық - QazCovid –In препаратын қосу жоспарланған.
Елімізде вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделмеген. Яғни, ол – мәжбүрлі шара емес. Дегенмен, екпе алу індеттің алдын алудың бірден бір жолы екендігі белгілі. Қазақстандық ғалымдардың айтуынша, отандық QazCovid –In вакцинасын әзірлеу барысында жылдар бойы жақсы нәтиже беріп келген технология қолданылған. Вакцинаның барлық құрамдас бөлігі басқа да вакциналарды әзірлеу кезінде пайдаланылған екен. Сондықтан ол сенімді компоненттерден тұрады. «Инактивті вакцинаны дайындау технологиясы қарапайым. Ол басқа вакциналарға қарағанда қауіпсіз әрі тиімді әсер етеді. Вакцинаны егу нәтижесінде мықты иммунитет қалыптасады», дейді БҒМ Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғалымы, профессор Леспек Кұтымбетов.
Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі отандық QazCovid –In препаратына үлкен үміт артатынын және вакцинаны тестілеу нәтижелі болса салдыратындығын Үкіметтің кеңейтілген отырысында ашық айтқан болатын. Қазіргі таңда отандық вакцина клиникалық сынақтың 3 кезеңінен өтуде. «Осы жағдайда ол жақсы нәтиже көрсетсе, мен дәл осы қазақстандық вакцинаны салдырамын», - деген еді Мемлекет басшысы. Қасым- Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі мен өңір әкімдеріне халықты жаппай вакциналау мәселесіне баса мән беруді де тапсырды.
Қалай дегенмен, отандық екпеге үлкен үміт артылуда, өйткені ол инфекцияның жаппай таралуына қарсы бірден-бір тиімді әдіс болып табылады.
А.ШАКУПОВА
Сурет ашық дереккөзден