Жүйрік уақыттың ұшқыр қанаты, мағыналы ғұмырыңыздың биік бір белесі - 70 жасқа келіп жеттіңіз.
Сіз осы кемелдікке тың жігер, жарқын көңілмен келдіңіз. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді дәріптеп келе жатқан, рухани құндылығы бойынан есіп тұрған асқақ тұлғасыз.
Хамитова Ақтілек Уаhапқызы ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарып, лайықты еңбегіне сай түрлі марапаттар мен сыйлықтарға ие болды.
«Қазақ ССР оқу ісінің озық қызметкері» төс белгісімен, «Ы.Алтынсарин атындағы төс белгімен» «Үздік мұғалім» төсбелгісімен. Қазақстан Республикасының Алтын кітап энциклопедиясына енген. Әдіскер мұғалім атаулы тірек мектебінің иегері Кәсіподақ саласында көп жылдар бойы кәсіподақ ұйымының төрайымы. Әдістемелік кітапшалардың авторы Х.Досмұхамедов атындағы университетінің бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын бөлімінің студенттерін педагогикалық тәжірибеден өткізудің штаттан тыс әдіскері. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Құрманғазы ауданының келісім кеңесінің төрайымы болып, қоғамдық негізде қызмет атқарып келеді. Аудан тұрғындарымен қоянқолтық жұмыс жасап олардың арасында ұлтаралық татулықтың нығаюына және қоғамның тыныштығының қалыпты жағдайда болуына үнемі ықпал жасайды.
Ұстаздық жолмен қатар, отбасының берекесін келтіріп, шаңырақтағы қазыналы қариялы атасы мен енесіне келіндік қызметін атқарып, ақ батасын алды. Бір отбасының берекесін келтірген келін, азаматқа адал жар, ұл мен қыз тәрбиелеген ана, немерелерінің сүйікті әжесі. Мағыналы өмірінің, шуақты шаңырағының алтын діңгегі–Мұхар Кабиболлаұлымен өмірге екі ұл, екі қыз әкеліп, ұрпақ тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Екеуінен өрбіген ұрпақтары жоғары оқу орындарын бітіріп, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
«Өнегелі отбасы-елдің тұтқасы», дегендей, жарасымды жанұя ізгілікті қасиеттерге толы әулеттің көпшілікке үлгі болар отбасылық құндылықтары дәріптеуге тұрарлық.
Елімізде жыл сайын дәстүрге айналған, шаңырақ шаттығы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында облыстық кезеңнің I орнын жеңіп алған еді. Бұл жеңіс–ұстаздар отбасындағы ұлттық құндылықтың және үйлесімді тәрбиенің жемісі.
Ақтілек Уаhапқызы сіз еңбекте де қажырқайратыңыздың арқасында талай абырой биігінен көрініп, ұрпағыңызға үлгі болар абзал жан ретінде өзіңізді таныттыңыз.
«Ұстаз бен мұғалімнің айырмашылығы неден көрінеді дегенде, біріншіден, ұстаздың соңынан ерген шәкірттері болу керек. Екіншіден, қандай заман болса да, ұстаз ең білімді адам болуы тиіс. Үшіншіден, сыныпта сабақ беріп тұрған адамды мұғалім дейміз. Ал ұстаз үйде болсын, түзде болсын, далада болсын, қай жерде болса да ұстаздық міндетін адал орындап, өз ісімен басқаларға үлгі болуы керек. Төртіншіден, ұстаз қандай болса да ұлттық сезім туғызатын ойларды насихаттап, ортаға салып, түсіндіріп, ағартушылық қызметтерді атқаруы керек.
Осындай адамдарды «Ұлт ұстазы» деп атайды». Осындай сара жолға маңдай терімен жеткен сізге деніңізге саулық, ұзақ ғұмыр, ұрпақ қуанышын тілейміз.
Еңбекші жалпы орта мектебінің педагогикалық
ұжымы және кәсіподақ ұйымы