С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қолдауымен ерекше жандар арасында «Өмірге құштармыз, өнерлі жандармыз» атты аудандық өнер фестивалі ұйымдастырылды.
Мүмкіндігі шектеулі және ерекше туған балаларды қоғамға бейімдеу, олардың өмірін жарқын бейнелеуді мақсат еткен шара алдында мәдениет үйінің фойесінде көрме ұсынылды. Бір мүшесі кем болса да, жанында рухани кемдіктері жоқ қайсар жандардың өнер мен өмірге деген құштар көңілдерін көргенде айрықша риза боласың. Бір-бірінен асып түсер қолөнер туындылары көздің жауын алады.
Фестивальде аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов мүмкіндігі шектеулі жандардың талантын ұштап, олардың өздеріне деген сенімдерін нығайту бағытында ұйымдастырылған байқау алдағы уақытта да лайықты жалғасын табатынын айтып, облыс әкімінің алғыс хатымен аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары Айгүл Мәденқызын, жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Утеулиевті, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің бас мамандары Эльвира Аянқызы, Айбат Есетұлын, жұмыспен қамту орталығының маманы Ағила Жеделбайқызын марапаттады. Аудан әкімінің алғыс хатымен де әлеуметтік қызметкерлер, еңбек ардагерлері, орталықтың тәрбиешілері және мейірбикелері ұлығыланды.
Одан әрі Жастілек Әдебиетұлы Құрманғазы ауданының зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының қызмет алушы балаларын тасымалдауға арналған 2 «Инватакси» Газель автокөлігінің кілтін орталық директоры Нұржан Бахреденовке табыстады
. Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Абдуррахман Муса мүмкіндіктері шектеулі адамдардың шығармашылық әлеуетін дамыту, қоғамға тартуды көздеген фестивальде өнерпаздар жан-жақты қырынан танылғанын алға тартып, олардың әрқашан қанаттары талмай, биіктерден көріне берулеріне тілектестігін білдірді. «Вокал», «Қолөнер» аталымдары бойынша бүлдіршіндер мен ересектерді алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлықтарын ұсынды.
Одан әрі әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алушының әжесі Бақыт Ақмұқанова, І топ мүгедегі, спорт шебері Бисенбай Әжіғалиев қамкөңіл жандарға ұдайы қолдау көрсетіп отырған елдің қамқорлығына риясыз алғыстарын жаудырып, өздерін толғандырған кейбір ұсыныстарымен бөлісті.
Концерттік бағдарламада балғындар көркем сөзді нақышына келтіріп оқыса, енді бірі мың бұрала биледі. Әсем әндерін орындап, әртістік шеберліктерін байқатқандар да болды. Осылайша олардың әрқайсысы өздерінің мүмкіндіктерінің шексіз екенін көрсетті.
А.Шакупова