Өмірден алынған драма

(0 Votes)

С.Көшекбаев атындағы аудандық  мәдениет үйінде Атырау  Жастар  театры Мұқанғали Томановтың  «Жәннат»  драмасын  көрермен  назарына  ұсынды. Зал толы  халықтың басым  бөлігі  жастар  екені  көңіл  қуантты.

Енді, драманың  қысқаша  мазмұнын  айтсақ, оқиға желісі  бір  отбасында  өрбиді. Сүттей  ұйып  отырған шаңырақтың  шырқын  жат ағымның  жетегінде  кеткен  үлкен  ұл – Сүйеніш  бұзады. Дін  қабылдағанына  үш  ай толған  жігітке  анасының  қаншама рет ақылға шақырғаны, көршісі, діннің  дұрыс бағытын  ұстанған Бауыржанның  жөн сілтегені  ешқандай  әсер  етпейді. Мүгедек қарындасы  Гауһарды  да  орынсыз ренжітіп, наласына  қалады. «Менікі  ғана  дұрыс, басқасының бәрі қате»  деген  қағидаға қатып  қалған  үлкен  ұл  бірге  туған  бес бауырымен де  араздасады. Ақыры діннің дұрыс  жолында  жүрген  жұбайын  еріксіз көндіріп, бөлек  кетіп  тынады. Туған күніне тұла  бойы  тұңғышы  келеді  деген  үмітпен сарыла  күткен  анасы  аяқ астынан  дүниеден  озады. Сүйеніш  келеді, бірақ, кеш  қалған еді...     

      

Рөлдерде  ойнаған  актерлер өз  кейіпкерлерін  шынайы  сомдап, ананың  балаға деген  шексіз  махабаттын, ағайындылар арасындағы  бауырластық  сезімді, қуаныш  пен күйінішті  көрсете  алды. Драма  аяқталғаннан  кейін  аудандық  ішкі  саясат, мәдениет, тілдерді  дамыту  және  спорт бөлімінің  басшысы  Зияда  Жоламанова театр ұжымының ойынына  ризашылығын  білдіріп, аудан  әкімінің  Алғыс  хатын  табыстады. Өнер сүйер қауым  атынан  Жаңаталап  ауылдық  мәдениет  үйінің  директоры Болат Бидоллаев сөйлеп, Атырау  Жастар  театрының  қойылымына  жоғары  баға  берді.         

   

Атырау  Жастар  театрының  директоры  Әміржан  Нұрланұлын сөзге тартқанымызда: – Біздің  театрымыздың  ресми  түрде  мемлекеттік  болып  құрылғанына алты  ай ғана уақыт  болды. Осы өз алдымызға театр  ретінде  ашылғалы жасалып отырған  алғашқы  іссапарымыз. Оны  Құрманғазы  ауданынан  бастағанды  жөн  көрдік. Көрермендерді Атырау  Жастар  театрының  ашылғаны  жөнінде  құлақтандырайық, жақсы  спектаклімізбен  сусындатайық  деген  оймен  келіп  жатырмыз. Одан  бөлек алдағы  күндерде бүкіл  облысты   аралап, сүйінші  сұрап  қайту  жоспарымызда  бар. Атырау  Жастар  театры  күні  кеше «Менің  атым  Қожа»  қойылымын  халыққа ұсынды. Жеті спектакліміз  бар, өте  жақсы қойылымдармен  көрермендерімізбен  қауышамыз  деп  есептеп  отырмыз. Халықты  өнермен  сусындату  театрлардың міндеті. Жалпы «Адам баласы  театрға ертең адам болып қалу үшін барады», дейді  ғой. Ал, театрлар – халықтың  қошеметі, көзайымы. Сондықтан, бүгін  Құрманғазы  ауданының тұрғындарымен кездескенімізге, бізді жылы қарсылағанына  өте қуаныштымыз, – деді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521