Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің жаңа басшысы Асқар Мұфтах бөлімді осыған дейін 4 жыл бойы басқарған, бүгінде зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалысқа шығып жатқан Руслан Сәуменовті қабылдап, құрметін көрсетті.
Асқар Зинетуллаұлы 35 жыл мемлекеттік қызметте, оның ішінде 17 жыл басшылық лауазымда абыройлы еңбек еткен Руслан Талапұлының іскерлігін, жоғары жауапкершілігін, 40 жылғы еңбек өтілінде ауыл шаруашылығы саласына қосқан зор үлесін айрықша атап өтіп, кейінгі ізбасарларына үлгі етті.
Сала ардагері алғашқы еңбек жолын ферма зоотехнигінен бастап, түрлі сатыдағы жұмыстарды жатырқамай жасады. Облыстың Мақат, Исатай аудандарында басшылық қызметтерді ексітпей атқарып, ауыл шаруашылығы саласын алға жетелеумен болды. Өз кезегінде Асқар Зинетуллаұлы мерейгерге құттықтау хаты мен сый-сияпатын ұсынды.
Осындай жүрекжарды лебізін аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісов те білдіріп, құттықтау хаты мен естелік сыйлығын табыстады.