Міндетті вакцинацияға түсінік берді

(0 Votes)

Көптің көкейінде жүрген «Коронавирусқа қарсы вакцина салдырудан бас тартқандар жұмыстан босатылуы немесе жұмыстан шеттетілуі мүмкін бе?» деген сауалға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов жауап берді.

Лауазым иесі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 77-бабына сәйкес, кез келген медициналық рәсім, оның ішінде вакцина да екпе алушының келісімі арқылы ғана жүргізілетінін, вакцинациядан бас тартқаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік заңнамада көзделмегенін айтты.

Министрдің мәлімдеуінше, аталған Денсаулық туралы кодекстің 104-бабы 1-тармағына сәйкес, Қазақстан аумағында жаппай ауру таралу қаупі төнген жағдайда елдің бас санитар дәрігерінің қаулысымен шектеулер жарияланып, оның ішінде, кәсіпкерлік және өзге де қызметке карантин енгізіледі. Бас санитар дәрігердің №67 қаулысының 6-1 тармағына сәйкес, қаулыда көрсетілген ұйымдар мен нысандардың COVID-19-ға қарсы вакцина салдырмаған қызметкерлерін күндізгі режимде жұмыс істеуі шектелетін болады. Аталған құжаттың бірінші тармақшасы бойынша көрсетілген ұйымдардың вакцина алмаған қызметкерлері үшін міндетті ПТР-сынама 7 күнде бір рет жүргізіледі. Тек ерекше жағдай бойынша вакцинацияға медициналық қарсы көрсетілімі барлар мен соңғы үш айда коронавирус жұқтырып, ауырғандар ғана бұл міндеттіліктен босатылады.

Сондай-ақ, жұмыс беруші мүмкіндігіне қарай COVID-19-ға қарсы вакцинация алмаған қызметкерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауысуды ұсынатынын қаперге берді. Олай жұмыс істеуден бас тартқан не жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған кезде қызметкерді Еңбек кодексінің 48-бабы 1-тармағына сәйкес жалақысын сақтамай шеттетуге құқылы. Бұл ретте жұмыс беруші уақытша болмаған қызметкердің міндеттерін орындау үшін басқа адамды жұмысқа алуына болады. Жұмысты қашықтан орындау мүмкіндігі болмаған жағдайда немесе қызметкер күндізгі режимде жұмыс істегісі келсе, қызметкер өз есебінен міндетті ПТР-сынамадан өтуі керек. Тараптардың келісімі бойынша міндетті ПТР-сынаманы жұмыс берушінің қаражаты есебінен де жүзеге асырудың мүмкіндігі бар.

Вакцинациядан бас тартуына байланысты жұмыс берушінің қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқтығын, ондай орын ала қалса қызметкер өзінің еңбек құқығын қорғау үшін жұмыс берушінің орналасқан жері бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің еңбек инспекциясына шағымдана алады.

А.НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

Aqprint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521