Президенттің Қазақстан халықтарына арнаған жаңа Жолдауымен таныса келе осындай ұйғарымға келдім.
Жолдаудың әр жолында өркендеймін деген өрелі міндеттер көрініс береді. Орындау – елге сын. Соңғы кездері зейнетақы қоры мәселесінде түрлі әңгімелер көп. Жұртшылық жүрегіне кірбің түсті. Оны бөліп беру, кейіннен зейнетақыға мөлшерлеп қосу жүзеге асты. Соны тірнектеп жинаған қор иелерімен келісіп жатқан ешкім жоқ, қорды құраушылар өз билігімен бітіріп жатырған шаруа. Тіпті, елеулі бөлігін өзге елге аударып жіберіпті деген қаусет те шықты. Қалай болғанда да қолынан келгендер қонышынан басып отырғаны шындық жайт. Қазір халықтан ештеңе жасыра алмайсың, бәрібір ақиқаты ашылып қалуда. Президенттің зейнетақы қорын адамдар күні бұрын да ең қажетті, зәру мәселесіне жұмсай алатындығы жөніндегі ұстанымы көңілге әбден қонады, жұртшылық ризалығын туғызуда. Мұғалімдерге де айтылып келгенмен шынайы қамқорлық кемшін екені рас.
Бұл салада бей берекесіздік орын алған. Көп министрлер ауысты. Әр қайсысы өзінше басқаруға тырысып, нәтижесін көрсете алмады. Сапасыз, қате жазылған оқулықтар топан суындай қаптап кетті. Білім беру жүйесіне еліміз бойынша көңіл толмайтын жағдай қалыптасты. Мектептерде соның бәріне ең соңғы адам – мұғалім кінәлі болып қалды. Ел- жұрт бұрындарғы ең қадірлі адам – мұғалімнің жағасына жармасты. Инемен құдық қазып келген аяулы жандардан ата-ана, шәкірті биігірек тұрғандай көрініс көңіл құлазытады. Міне, соның бәрін білгендей мұғалімнің табысын көтеру, жағдайымен санасу жаңа Жолдаудың елеулі бөлігін құрап тұр десе де болады. Ындынымыз ұстаз болғандықтан қатты риза болып, қуанғанымызды несін жасырайық.
Мемлекеттік қызмет жайындағы мәселе де қолдауға тұрарлық. Мұнда да тестіден өтіп келіп, қатардан орын алғандар арасында қарын ашыратындар жетерлік. Көп айтып мезі қылған педофилия, зорлық-зомбылық сияқты жат әрекеттерге енді жақталдыру қажетсіз, арамыздан аластап, лайықты жазасын кескен дұрыс. Қысқасы, Жолдаудағы әр мәселе санамызды сілкіндіріп, егер орындай алсақ, кемел келешектің сәулесін сезіндірді. Ал, оны жүзеге асыруға жүзімізді бұрып, ниетімізді тіктеп, бірлесіп іс атқарайық, қолымыздан келгенге адалдық танытайық дегім келеді.
Болат Біралиев,
аудандық сайлау комиссиясының төрағасы