Мұғалім мүддесін қорғау – маңызды міндет

(0 Votes)

Биыл Қазақстан кәсіподақтары қозғалысына 120 жыл толды. Бұл – еңбек адамын дәріптеу, әлеуметтік әділеттілік пен жұмысшы құқығын қорғау жолындағы ғасырдан астам уақытқа созылған тарих. 

1905 жылы алғашқы кәсіподақ ұйымдарының пайда болуынан бастап бүгінге дейін бұл қозғалыс еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша үлес қосып келеді. Кәсіподақтар – еңбек адамының құқықтарын қорғау, оның лайықты тұрмыс сапасы мен жұмыс жағдайын қамтамасыз ету жолында мәртебелі миссия атқаратын аса маңызды заманауи қоғамдық институттың бірі. 

Кәсіподақ жай ғана ұйым емес, ол еңбек адамының мүддесін қорғаушы, әлеуметтік әділдіктің тірегі, ынтымақ пен бірліктің символы. Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы қатарында екі миллионға жуық кәсіподақ мүшелері бар, ол қазірде елдегі ең ауқымды қоғамдық ұйым. Іргелі қозалыс «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңында айқындалған тәртіппен қызмет етеді, салалық, аумақтық, жергілікті және бастауыш сияқты құрылымдарды біріктіреді. Білім және ғылым саласы қызметкерлерінің республикалық кәсіподақтар бірлестігі мүшелері көптігі жағынан алдыңғы орында тұрады. Мұғалімдердің құқын қорғайтын бірден-бір ұйым ретінде рухани және материалдық жағынан салмақты орны бар орган саналады. Білім беру саласындағы өзгерістер, мұғалім мәртебесі, Президент Жолдаулары жүктеген міндеттер әрдайым осы кәсіподақ бірлестігінің назарынан тыс қалған емес. Қоғамдағы өзгерістерге әрқашан сергектік танытатын кәсіподақ ұйымының атқарар рөлі ерекше.

Ауданымызда кәсіподақтар және мұғалімдер күніне, Қазақстан кәсіподақтары қозғалысының 120 жылдығына орай «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Еңбекші ауылдық клубында ауқымды шара ұйымдастырылды. Алдымен мәдениет ошағы алдындағы қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі Жұмекен Нәжімеденовтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді. Еңбекші орта мектебінің өлеңсүйер бүлдіршіндері ақынның шығармашылығынан әдеби композиция жасады. Соңы ауылдық клубта «Тарихқа – тағзым, бүгінге – өзгеріс, болашаққа – сенім» атты салтанатты шараға ұласты. Бегәлиев атындағы орта мектептің жанындағы «Нұршуақ» жасөспірімдер театрының сахналауымен Шыңғыс Айтматовтың «Алғашқы ұстаз» әңгімесінің желісіндегі қойылым көрсетілді. Келесі кезекте Қазақстан бойынша КСРО Халық мұғалімі атағын алған үшеудің бірі Махамбет өңірінің тумасы Құсиын Айтқалиевтің өмір жолы, айтулы ұстаздың атаулы мектебі жайлы деректі фильм назарға ұсынылды.

Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиева сөз алып, салалық кәсіподақтың мұғалімдердің құқығын қорғаудағы, мәртебесін көтерудегі айшықты рөліне лайықты бағасын берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Ғайнетов салтанатты шараға облыстың әр ауданынан келіп қатысып отырған білім беру ісінің бір топ үздіктерін мерейтойлық медальдармен, төсбелгілермен марапаттады. «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы Айтқалиевтың атаулы мектебі жайында, Құсиын ұстаздың оны құру арқылы ауыл мектептерінің деңгейін көтерудегі мақсат-мүддесі турасында ойымен бөлісіп, ұлағатты ұстаз еңбек еткен Махамбет ауданындағы Алға мектебіне есімін берсек деген ұсынысын білдірді. Сондай-ақ, педагогтар мен жай қызметкерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуде, мүдделерін қорғауда кәсіподақ тарапынан атқарылып жатқан істерге тоқталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Әуез Ізжанов құттықтау тілектерін білдіріп, марапаттау рәсімін жасады. Шарада аудан мектептерінің өнерлі ұстаздары ән-күйден шашу шашып, жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT