Мешітте жаңа имам

(0 Votes)

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Утпиновтың 2020 жылдың 11 наурызындағы бұйрығымен Құрманғазы ауданы «Темірәлі» мешітінің бас имамы болып Еламан Бегалиев тағайындалды.

Еламан Жасөмірұлы бұған дейін осы мешітте найб-имам міндетін атқарды. Жұма намазына жиналған жамағат алдында жаңа имамды ҚМДБ-ның өкілі, облыстық «Иманғали» мешітінің найб-имамы Мұрат Ғазизов таныстырып: – Еламан Бегалиев осы жердің тумасы, өздеріңізге белгілі азамат. Білімі жоғары. Жасы 26-да, отбасылы. Алланың қалауымен бүгін бас имам болып тағайындалып жатыр. Бұған дейін Атыраудағы орталық мешітте, біздің қасымызда да қызмет етті. Тәжірибелі маман. Енді құдай қаласа алған білімін, жинаған тәжірибесін көрсетеді деген ниеттеміз. Имамдық қызметін абыроймен атқаруды Алла нәсіп еткей дейміз. Қадірлі жамағат сіздерді Еламанмен бірлесіп жұмыс жасауға, оған қолдау көрсетуге шақырамын. Мұсылман мұсылманға бауыр екенін бәріңіз де білесіздер. Кемшілігін кешіріп, жақсылығын асырып, бірауыз болыңыздар. Жаңа имамға айтарым қызмет мақсат емес, абырой мақсат, - деп жұмысына сәттілік тіледі.

«Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев: – Пайғамбарымыздың сүннеті бойынша бір жерде індет тараса сол жердегі мұсылмандар одан шығып, басқа жерге баруына болмайды. Сол арада емделуі тиіс. Әлемде қазір коронавирус кеселі таралып жатқандықтан біз де қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлуіміз керек. Осыған орай мүфтияттың жарлығы шықты. 20 наурыздағы жұма намазынан бастап бізде де сақтық шаралары алынады. Жұма намазы бұрынғыша уақытында басталады. Бірақ, оның алдында Құран оқылмайды, уағыз айтылмайды, төрт ракат сүннеті пен екі ракат парызы ғана орындалады. Соңғы төрт ракатын оқымай, тасбих санамай, ауызша «Ассаламуалейкум», деп амандасып тараймыз. Мешітке маскамен келген абзал, - деп алынып жатқан шараларға жамағаттың түсіністікпен қарауы керектігін, сақтанған артық етпейтінін жеткізді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT