«Темірәлі» мұсылмандар мешітінің медресесінде берілген ауызашарға ауданымыздың зиялы қауым өкілдері, қажылар, лауазымды тұлғалар, мешіт жамағатының бір тобы қатысты.
Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев сөйлеп:
– Ұстап жатқан оразаларыңызды Алла Тағала қабыл етсін! Біз жас кезімізде Аллаға сыйынып жүру дегенді қолға алмадық. Ол уақытта заман да басқа болатын. Бүгінде дініміз ортамызға оралып, Алланың ақ жолын танып жатырмыз. Еламан имам бір кездескенде «Құранды оқыдыңыз ба?», деп сұраған. Қазақша мазмұнымен танысып шығуға кеңес берген. Содан кейін оны оқуды қолға алдым. Бұл сіздің насихатыңыз. Оразының қадір-қасиетін, мән-мағынасын өздеріңіз білесіздер. Осындай ауызашар дастарханын ұйымдастырып жатқандарыңыз үшін ризамын. Істеген жұмыстарыңыз сауапты болсын! Бір Аллаға сыйынамыз, өзі қолдасын! Сырттан жау, іштен дау алмасын, – деген ізгі тілегін арнады.
Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов Рамазан айының басталуымен құттықтап: – Халқымыз бұрыннан ислам дінін ұстанған. Бұл бабаларымыздан қалған жол. Өзіміздің қалыптасқан салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, дінімізді қадірлеу, оны кейінгі жастарға жеткізу ортақ міндетіміз. Ауыз ашар беріп жатқан баршаңызға алғыс айтамыз. Жасаған жақсылықтарыңыз мың еселеніп қайтсын! Деніміз сау, отбасымыз аман, бауырымыз бүтін, еліміз тыныш, болашағымыз жарқын, тұтқан оразамыз қабыл болсын!,– деді.
Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса: – Ауданымызға бас имам болып Еламан Бегалиев келгеннен кейін көп нәрсе өзгерді. Еламан осы жердің азаматы. Жоғары білімді имам. Облыста бірінші болып ауданымызда медресе ашты. Мұнда оқыған шәкірттер ертең Құранды білетін қарилар болып шығады. Бізде осындай білімді имам барын естіп, көрші аудандардан, өзге облыстардан да медресемізге келіп оқуда,– деп жақсы іс жалғасын таба берсін деген тілегін жеткізді. Осындай ақ тілектер аудан прокуроры Магилан Рахимов, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, ұзақ жылдар аудандық мәслихаттың хатшысы қызметін абыроймен атқарған Рифхат Сұлтанияев, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Таңатар Дәрелов және басқа да қатысушылар тарапынан айтылды.
Ауызашар соңында аудандық «Темірәлі» мешітінің бас имамы Еламан Бегалиев: – Діни білім алғаннан кейін елімізге, жерімізге қолымыздан келгенше қызмет етіп жатырмыз. Алла бізге бұл ауылда дүниеге келіп, осында қызмет етуді жазған. Оны қалай атқарғанымыз жайлы ертең Алланың алдына барғанда сұраламыз. Сауат ашу орталығын салғандағы мақсатымыз – діни ағымдармен күресу. Ол діни маман болмаса қиын. Сол үшін бізге білім керек. Қазір ауылдық жерлердегі көптеген молдаларымыз үлкейді. «Жасым келді», деп қызметінен өз еріктерімен бас тартып жатқандары да бар. Соларды осында тәрбиеленген шәкірттер ауыстырады. Басқа жақтан келіп білім алып жатқандары да ауданымызда біраз жыл жұмыс жасайды, – дей келе шақырғанды құп алып, уақыт бөліп келген қонақтарына ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ