Бұған дейін қатты жел болғанда Азғыр ауылдық округіндегі Балқұдық орта мектебінің шатырын ұшырып әкеткенін жазғанбыз. Содан бері мектеп үш аусымда оқып жүрді.
Жақында аталған білім ұясы туындаған қиындықтан құтылып, арқасын кеңге салды. Ұшқан шатыр белгіленген мерзімінен бұрын қайта жабылып, мектеп жұмысы қалыпты ырғағына көшті. Ұстаздар мен оқушыларға мұндай мүмкіндік туғызған «Құрманғазы строй групп» ЖШС. Мердігер мекеменің басшысы Еркебұлан Мырзағалиевті сөзге тартып, мән-жәйды білдік.
– Қыркүйектің 21-і күні бардық. Балқұдық орта мектебі мен оның жылыту қазаны шатырының 600 шаршы метрін қатты жел ұшырып әкеткен екен. Аудан орталығынан оған қажетті материалдарды таппаған соң, Атырау қаласынан тасуға тура келді. Ол әрине, оңайға түскен жоқ. Оқушылардың қиындық көріп жүргенін көргеннен кейін құрылыс жұмысын көпке созбауға тырыстық. Бірден іске кірістік. 23 қыркүйекте бастап,13-ші қазанда аяқтадық, - деді Еркебұлан Салауатұлы.
Шалғайда жатырған, жол қатынасы нашар Азғыр өңіріне сонау Атыраудан құрылыс материалдарын алдыртып, жұмысты сапалы жасап шыққан мердігерге мектеп директоры Ғазиз Сәрсенов те риза.
– Бір айдай көп қиындық көрдік. Біздің мектепте 1 және 11 сынып аралығында 270, мектеп алды дайындықты қосқанда 300-дің үстінде оқушы бар. Соның бәрін іші тар бастауыш сыныптың ғимаратына көшіріп, үш аусымда оқытуға тура келді. Осындай жағдай орын алғаннан кейін мен барғалы тұрған оқуымнан да бас тарттым. Мердігер мекеменің басшысы Еркебұлан Салауатұлы құрылыс біткенше үйіне бармай, осында қонды. Сол үшін оған үлкен рахмет! Жұмыс сапалы жасалды. Өзім де оның басы-қасында жүрдім. Мерзімінен бұрын бітіріп, ғимаратымызға қайта көшкенімізге мұғалімдер де, балалар да қатты қуанып жатыр, - дейді мектеп басшысы.
Қанат ҒҰМАРОВ