Бүкіл өмірін шәкірт тәрбиесіне арнаған, кәсіптік-техникалық білім беру саласының ардагері Зайр Хидуллин ағамыздың есімі аудан тұрғындарына жақсы таныс.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстардан бас тартпай, аудандық ардагерлер кеңесінде жұмыс жасады. Аудан әкімі Қайрат Нұртаев, орынбасары Нұрлыбек Қалиев, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса, аудан әкімінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қайсар Мақсотов ардагерге арнайы барып, «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалін табыс етті.
Өзіне көрсетіліп жатқан құрметке риза болған Зайр Хидуллин:
– 1963 жылы аудандағы училищеге оқытушы болып келгеннен бастап, 50 жыл еңбек еткенде атқармаған жұмысым жоқ. Ауданда Құмар Темірташев басшы болғанда училище директорының орнына 4 ай қалғанымда, ол кісі маған басшының есебін де бергізген. Сондай күрделі жұмыстарды атқардық. Оқу орнын көтерудегі еңбегіме келсек, 1987 жылы «Тірек училищесі» деген атақ алдық. Республикалық оқу министрлігінен келген бригада бізде бір жұма жатқанда жұмысымызды зерделеп, соған лайық деп тапты. Екінші үлкен атақ басқа училищелермен салыстырғанда алдыңғы қатарлы оқу орны, шаруашылық-материалдық базасы мен кадры сай «Жоғары кәсіби училище» атануымыз. Алматыға барып министрдің хатын алып келдім. Біз кезінде облыстағы үш кәсіби-техникалық училищенің бірі едік. Ол кезде басқа аудандарда кәсіптік мектеп болды,- деп директордың өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметін үзбестен 35 жыл атқарғаны жайлы әңгімеледі.
Қанат ҒҰМАРОВ