С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде 1 қазан – Қариялар күніне орай үлкендерімізге көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған «Ғажайып алаң» ойыны ұйымдастырылды. Алғаш рет өтіп отырған бұл ойынды Абай орта мектебінің ұстазы Рүстем Тоқаев жүргізіп барабан секторларын, үш топ қатысатынын, ойын шартын түсіндірді.
Бірінші топтың қатысушылары, ардагерлер Ғалымжан Мұқашев, Елемес Өтегенов, Майра Амирова қошеметпен ортаға шақырылды. Барабан айналдырған әрбір қатысушы ойын дәстүріне сай өзімен бірге әкелген дәмді тағамын ұсынып, отбасына қатысты жүргізуші қойған сұрақтарға жауап қайтарып, көрермендерді мерекемен құттықтап, тікелей эфир арқылы туыстарына сәлемін жолдады. Жасырылған 11 әріптен тұратын «Мүйізтұмсық» сөзін Ғалымжан Мұқашев тауып, финалға өтті.
Ардагерлер Әуез Ізжанов, Өмірболат Есенғазиев, Мұратқали Оразов қатысқан екінші үштік – қазақ аңыздарында «диірмен тасын теуіп сындырыпты» деп дәріптелетін, аты аңызға айналған құс жасырылған алты әріптен тұратын жұмбақ сөзді шешті. Әріптер бойынша тауып, әлгі құстың ителгі екенін анықтаған Өмірболат Есенғазиев екінші финалист атанды.
Үшінші топта Дариға Мәжитова, Шынғали Меңдіғазиев, Маржан Мирасова барабан басында бақ сынады. Ойын нәтижесінде Шыңғыс ханның ұрпағы Батыс Моңғолия мен Алтай, Тарбағатай, Ертістің жоғары ағысы бойындағы жерлерді билеген Үгедейдің есімін дұрыс тапқан ардагер ұстаз Маржан Мирасова финалға шықты. Финалда қазақтың ұлы ақыны Абайдың бала кезіндегі жеңгелері еркелетіп қойған лақап аты Телқара екенін айтып, суперойынға қатысуға келісім берді. Жасырылған үш сөзді табуға берілген 1 минутта «Наполеонды» айтып, «Кавер» мен «Хештегке» келгенде мүдірді. Еске сала кетейік, үш топтағы қатысушыларға да әрбір ойын барысында сый-сияпаттар ұсынылды.
Осылайша алғаш рет өткен «Ғажайып алаң» ойынының жеңімпазы атанған Маржан Мирасова: – Бүгін ауданымызда осындай ойын өтіп жатқанына қуаныштымын. Бұл жалғыз менің емес, барша ұстаздар қауымының жеңісі деп есептеймін. Мына жерде біз үлгі тұтар Балғаным апайымыз отыр. Көп нәрсені сол кісіден үйрендік. Сол себепті мен өзіме берілген қазақтың үш биі бейнеленген суретті Абай орта мектебінде Балғаным апай құрған «Ұлағат» клубына тарту етемін, – деп ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Өнерпаздар Заманбек Меңдіханов, Аманжан Халықов, Ерасыл Самиғоллаев әрбір топ шақырылар алдында әсем әнмен музыкалық сәлем жолдады. «Ғажайып алаң» ойынына қатысушылардың немерелері де өз өнерлерін ортаға салды.
Мерекелік шара «Ардагерлер ардақталған күн» атты салтанатты жиынға ұласты. Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев өтіп жатқан шараға, Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Мусаның ұйымдастырушылық шеберлігіне жоғары баға берді.
Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Рахметұлы барша үлкендерімізді Қариялар күнімен құттықтап, ардагерлер Жаудин Талғат, Мүрсәлиев Ғизатолланы «Құрманғазы ауданына 95 жыл», Виктор Харитоновты «Мейірімді жүрек» төсбелгісімен, Ержан Рысқалиев, Үмбет Ахметовты аудан әкімінің, Лидия Столбецова, Үміт Қазенова, Юрий Бабушкинді аудандық мәслихаттың, Болат Қалиев, Марат Аюпов, Қабдолла Досмағамбетовті округ әкімінің Алғыс хаттарымен ұлығылады. Соңында Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмақай Ғұмаров пен округтің аналар кеңесінің төрайымы Гауһария Төкестаева «Ғажайып алаң» ойынына қатысушыларға Алғыс хаттар табыстады.
Қанат ҒҰМАРОВ