С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде көктемнің шұғылалы мерекесі 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай «Мереке күніңмен!» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Шараның шымылдығы жетігенші қыздардың орындауындағы «Қыз сыны» әнімен ашылды. Мерекеге орай құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұрлыбек Қалиев бір топ аналарды «Күміс алқа» наградасымен марапаттады.
Одан әрі Құрмет грамотасын Ақкөл ауылдық округі әкімінің кеңесшісі Руфина Хайрушеваға табыстаса, облыстық ардагерлер кеңесінің «Ардақты ана» белгісін Жаңаталап ауылдық округінің еңбек ардагері Айман Сдиховаға ұсынды.
Аудан әкімінің алғыс хатымен түрлі салада жемісті еңбек етіп жатқан бір топ қыз-келіншектерді ұлығылады. Аудандық мәслихат хатшысы Гүлжанат Қалиева жүрекжарды лебізін білдіріп, өзінің алғыс хатымен еңбек ардагерлері мен денсаулық, білім, полиция саласының қызметкерлерін марапаттады.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламаға ұласып, С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен Дина Нұрпейісова атындағы балалар өнер мектебінің оқушылары шараның көрігін қыздырып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Айнагүл Шакупова