Халықаралық әйелдер мерекесі Еңбекші ауылдық округінде ерекше аталып өтті. Мейрам қарсаңында ауылдың барша ақ жаулықты әжелері мен әзиз аналарына арнайы ақ дастархан жайылып, «Ана – өмірдің гүлі» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
«Қуаныш» мейрамханасында бас қосқан 300-ден аса меймандарға мектеп оқушылары алқызыл гүлдерін ұсынып, сый-құрмет көрсетті. Округ әкімі Ханат Ғаббасов бүгінгі шараға өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып, халық қамын ер азаматтармен қатар жүріп атқарған түрлі саланың еңбек ардагерлері қатысып отырғанын тілге тиек етіп, мерейлі 80, 85 жасқа толған әжелерімізді алғыс хатпен марапаттады.
Еңбекші ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев жүрекжарды лебізін білдіріп, ширек ғасыр мерзім ауылды басқарып отырған Ханат Айтжанұлының зейнет демалысына шығатын уақытының таяп қалуына орай, ардагерлердің ортақ келісімімен оған Еңбекші ауылдық округінің «Құрметті ардагері» атағын беру туралы куәлігін ұсынып, иығын көк лентамен көмкерді. Шалғайдағы қыр бойынан келген аналармен бірге ауылдың ақ жаулықты әжелері округ басшысының азаматтық келбеті, қызметтегі біліктілігі, ұйымдастырушылық қабілеті жөнінде салиқалы пікірлерін өрбітіп, елдің, жердің амандығын, ұрпақтың саулығын тіледі.
А.Шакупова.