Мерейжасына орай қабылдап, құрмет көрсетті

(0 Votes)

Құрманғазы ауылдық округінің әкімі Абдуррахман Муса ауданымызға есімі танымал сауда саласының ардагері, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Балапан Тайпақованы 70 жасқа толуына орай қабылдап, құрмет көрсетті. Қабылдауға мерейгердің отбасы мүшелері, тума-туыстары, бірге оқыған құрдастары, алыс-жақыннан келген ағайындары қатысты. 

Округ әкімі Абдуррахман Рахметұлы: – Бұл кездесу үлкен көлемде өтуі керек еді. Жақында аудандық орталықтандырылған кітапханада аудандық аналар кеңесінің ұйымдастыруымен үлкен мәдени шара өтеді. Соған қатысуы керек еді деген соң осындай кездесу ұйымдастырып жатырмыз. Бүгін Балапан Зайтқызының 70 жасы және Оралбек Тұрғанбайұлы екеуінің отау құрғандарына 50 жыл толған алтын тойлары. Мерейтой иелерінің өміртарихымен таныстырып қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі бұл кісілердің еңбек жолдары көз алдарыңызда өтіп, елге, халыққа қызмет етті. Тұтыну саласында қызмет жасап, ұрпақ өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өрісі кең отбасы болып қалыптасты. Жарты ғасырға жуықтаған отбасылық ғұмырларыңыз бақытты да баянды болсын. Балапан апамызды жастар, ана, келін тәрбиесіне белсене қатысып жүрген, үлкен үлес қосып келе жатқан ел анасы ретінде құрметтейміз, – дей келе, бар жақсылықты тілеп, мерейгер мен азаматына шапан, кәжікей жауып, Құттықтау хатын табыс етті.

Құрдастары атынан мемлекеттің қызметтің ардагері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Қанат Ғаббасов: – Балапан балаларың өсті, немерелі болып, шөбере қызығын көрудесің. Осының бәрі өмірдің қуанышы. Құрдастардың алды Астанадан, Атыраудан келді. Бәріміз де жетпістің басында, ортасында, аяғында жүрген азаматтар мен азаматшалармыз. Қазір бүгін бар адам ертең жоқ. Адамға басты керегі нәрсе – денсаулығың мықты болсын дейміз. Денсаулықты ештеңеге сатып ала алмайсың, – деп, ақ тілегін бастап, басқа құрдастары қостап, шараны ұйымдастырып жатқан округ әкімдігіне ризашылығын білдіріп, Оралбек Хамеденовке «Батыр шапағаты», Балапан Тайпақоваға «Ана жүрегі» медалдарын тақты.

Ізгі тілектер легін жұмыстастары атынан Нахим Ақмұханбетұлы, әжелер алқасынан Роза Серікбаева, туыстары сөйлеп, сый-сияпаттарын жасап, гүл шоқтары мен естелік сыйлықтарын  табыс етті. Соңында Оралбек Тұрғанбайұлы мен Балапан Зайтқызы көрсетіліп жатқан құрметке  ризашылықтарын білдірді.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT