Халқымыздың ғасырлар бойы арманы болған Тәуелсіздік күні әрбір қазақстандықтың қастерлі мерекесі. Азаттықтың 30 жылдығына орай Құрманғазы ауылдық округі әкімі аппараты аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – ел мерейі» атты марапаттау шарасын өткізді.
Өзінің құттықтауында округ әкімі Абдуррахман Муса Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты Тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» дегенін атап өтіп, егемен ел атанған аралықтағы 30 жылдың даму белестерін, жасампаз қадамдарын, толымды жетістіктерін сөз етті.Бұдан соң ауылдың 85, 80, 75, 70 жылдық мерейжастарына толған бір топ ардагерлерді құттықтау хатымен марапаттады. Мұндай құрмет ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып жүретін еңбек ардагерлері Тарих Сарбасовқа, Рахмет Ниетқалиевке, Асан Ажғалиевке де көрсетілді.
Сахна төріне көтерілген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Орынғали Құмарғалиұлы Құрманғазы ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Қадірбай Жармұханбетовке «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет белгісі» төсбелгісін табыстады. Марапат иесі және ауылдық округі жанындағы аналар кеңесінің төрайымы Гаухария Төкестаева жиналғандарды мерейлі мерекемен құттықтады. Шарада мәдениет үйінің әншілері Е.Самиғоллаев, З.Қуанышқызы, Т.Қажыгереев өз өнерлерін көрсетті.
Айбек МЕЙІРМАН