Биыл Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының құрылғанына 30 жыл толып отыр.
Осыған орай Астана қаласында 7-8 желтоқсан күні кең көлемде республикалық шара, «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Конференция барысында өткенге көз жүгіртіліп, жетістіктер талданып, сараланып, жаңа, заманауи сайлау жүйесі, алдағы тұрған міндеттер жайлы ой қозғалды. Сайлау жүйесінің үздіктері анықталып, олардың еңбегі лайықты бағасын алды.
Аталған конференцияға аудандық сайлау учаскесінің басшысы Болат Бірәлиев қатысқан болатын. Болат Мұхамеджанұлы бұл жүйеде біраз уақыттан бері абыроймен еңбек етіп келеді. Уақытпен санаспай қай сайлаудың да ашық, өз дәрежесінде өтуіне, учаскелердің қажетті құралдармен, бюллетендермен қамтылуына, азаматтардың өз таңдауын жасауына ыңғайлы жағдай туғызуға күш салады. Осы еңбегі еленіп, Астанада өткен конференцияда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №103/805 қаулысымен «Сайлау органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен ұлығыланды. Бұл марапатты Болат Бірәлиевке Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұран Әбдіров өз қолымен табыс етті.
Айнагүл Шакупова