«Мерейлі отбасылар» марапатталды

(0 Votes)

Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында отбасылық құндылықтардың жандануына, дәстүрлердің жаңғыруына, түрлі буын өкілдерінің арасындағы сыйластықтың нығаюына, ұрпақ тәрбиесіне жаңаша дем беріп, өнегелі әулеттердің өрісін кеңейтуге ықпал еткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы аудандық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты шара өтті.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов «Отбасы-сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтың ошағы, яғни кез келген қоғамның діңгегі. Отбасының аман-саулығы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ал, жанұяның береке-бірлігі – сәбидің, әр баланың болашақ қадамы мен бақытты жүзінде» - деп 17 отбасыға аудан әкімінің алғыс хаты мен арнайы сыйлығын табыстады. Байқауға қатысуға 16 округтен 18 өтінім келіп түскен. Қиғаш пен Жаңаталап ауылдық округтерінен 2 жанұядан қатысқан.

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын аудандық деңгейде өткізуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның шешімімен «Өнегелі отбасы» - Кудряшов ауылдық округінен Айтпаевтар отбасы, «Парасатты отбасы» - Бірлік ауылдық округінен Масалимовтар отбасы, «Берекелі отбасы» - Теңіз ауылдық округінен Харисовтар отбасы, Ұлағатты отбасы – Сүйіндік ауылдық округінен Дауғалиевтер отбасы, Еңбекқор отбасы – Көптоғай ауылдық округінен  Саржановтар отбасы, «Белсенді отбасы» - Нұржау ауылдық округінен Сақташевтар отбасы, «Беделді отбасы» - Шортанбай ауылдық округінен Зұлхарнаевтар отбасы, «Салиқалы отбасы» - Қиғаш ауылдық округінен Жиенбаевтар отбасы, «Ынтымақты отбасы» - Жаңаталап ауылдық округінен Ниғметовтар отбасы, «Асқаралы отбасы» - Қиғаш ауылдық округінен Қабиевтер отбасы, «Мейірімді отбасы» - Дыңғызыл ауылдық округінен Гайсиндер отбасы, «Жарасымды отбасы» - Азғыр ауылдық округінен Исаевтар отбасы лайық деп танылды. Жүлделі ІІІ орынмен Сафон ауылдық округінен Сейтековтер және Құрманғазы ауылдық округінен Жандыбаевтар отбасы марапатталды. ІІ орынды жаңаталаптық Дәулетовтер мен бөкейхандық Ниязовтар отбасы иеленді. І орыннан мақаштық Шайхымеденовтер отбасы көрінді. Ал бас жүлдені Ақкөл ауылдық округінен Утеповтер отбасы қанжығасына байлады. Облыста өткен марапаттау шарасында отбасында екі қыз, екі ұл өсіріп, бүгінде олардан тоғыз немере, бес жиен сүйіп отырған теміржолшылар династиясы Зияпеден Утеповтың шаңырағына құрмет көрсетіліп, облыс әкімі Серік Шәпкенов диплом мен 600 000 теңгенің сертификатын табыстады. Республикалық кезеңге жолдама алған бұл отбасы Астана қаласында өтетін байқауға қатысады. 

 

Айнагүл Шакупова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT