Құрманғазы ауданы әкімінің міндетін атқарушы Марат Хасанов ауданымызға танымал азамат Ерғанат Жолжановты 70 жасқа толуына орай қабылдап құрмет көрсетті. Қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын-жазушы Таңатар Дәрелов, бөлім басшылары, округ әкімдері қатысты.
Ерғанат Жолжанұлы 1955 жылы 5 наурызда Орлы ауылдық округінде дүниеге келген. 1972-1975 жылдары Гурьев политехникалық техникумын, 1975-1980 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын «ауыл шаруашылығы экономикасы және ұйымдастыру», 2010 жылы Орталық-Азия университетін «құқықтану» мамандықтары бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы Теңіз аудандық тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында фотосуретші болып бастаған. 1975-2010 жылдары Орал гидрогеологиялық экспедициясында техник-геофизик, Теңіз (Құрманғазы) аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында жоспарлау жөніндегі экономист, аудандық жерге орналастырушы бас маман, Киров атындағы кеңшарда бас экономист, аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Ганюшкин, Құрманғазы, Ақкөл кеден бекеттерінің бастығы, Атырау облыстық кеден басқармасы бастығының бірінші орынбасары, облыстық көліктік бақылау басқармасында автомобиль жолдарын бақылау және лицензиялау бөлімінің басшысы, Атырау ғылыми-өндірістік жерге орналастыру орталығында директордың экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары, «Атырау көлік компаниясы» ЖШС директоры, «Атырау-Меншік» ЖШС бас директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. 2010 жылы Атырау ғылыми-өндірістік жерге орналастыру орталығының бөлім басшысы болып, 2018 жылы зейнеткерлікке шықты. Жан жары Бақтылымен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, немере-жиен сүйіп отыр.
Мерейгерді құттықтаған аудан әкімінің міндетін атқарушы Марат Ізмұханұлы: – Ағамыз жерге орналастырушы маман ретінде Ресей Федерациясының Астрахань облысының Харабайлы, Ақтоба, іргеміздегі Орал облысының Орда, көршілес Исатай аудандарымен болған жер дауларына қатысып, ауданымыздың мүддесін қорғауға атсалысты. Сонымен қатар, еліміздің мұнай және мұнай өнімдерінің тұтынушыларға дер кезінде жеткізілуіне, валюталық қорының ұлғаюына септігіңізді тигізді. Еңбек еткен жылдарында Қазақстан Республикасы Кеден комитетінің Құрмет грамотасымен, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен тәуелсіздіктің 10 және 25 жылдық медалдарымен, Атырау облысының, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Сіздің ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегіңіз зор, – деп отбасы шаттығын, деніне саулық, ұрпақ қызығын көре беруді тілеп, Құттықтау хатын табыс етті.
Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев: – Бұл Ерғанат көбіне аттың жемін жеп, тайдың ойынын ойнамаған кісі. Байсалды, байыпты, жұмысына жауапты, берілген тапсырманы орнықты орындайтын кадр ретінде білемін. Оның бір дәлелі сол кездегі партиялық іріктеу мен таңдаудың басында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Құмар Темірташев сынды азаматымыз тұрғанда екі есе жауапкершілік жүктейтін. Сол сүзгіден өткен азамат, мансапқор емес. Оған бірінші дәлелім осында ауыл шаруашылық басқармасында жұмыс жасағанда бір шаруашылыққа директор болып бару ұсынылды. Сонда бас тартқан. Ол кезде екеуіміз жұмыстас едік. Екіншісі, облыстық кеден қызметі басшысының бірінші орынбасары болды. Кейін жарты жылдай осы қызметті басқарды. Бір кездескенде басшылықта қала беруді айтқанымда тағы да келіспеді, – деп адами болмысы жоғары, өзгелерді көтермелеп жүретін жан екеніне, азаматының биікке өрлеуінде құдай қосқан қосағы Бақтылының да еңбегі барына тоқталды.
Танымал ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одағының мүшесі Таңатар Дәрелұлы: – Бірге жүріп, бірге өстік, доспыз, жолдаспыз. Рахымжан айтқандай арамыздан жел өтпесе, басқа жағдай болған жоқ. Ерғанатта білім, қабілет болды, техникумды қызыл дипломмен бітірді. Қазақстанның батысында кеденді алғаш рет ұйымдастырды. Қарауындағы кадрлерді, ұрпағын да жақсы тәрбиеледі. Кітапты көп оқиды, жан-жақты. Жары Бақтылы аяулы жар, әулетті көбейткен қазақтың алтын құрсақ анасы. Ұрпақтарының бәрі нәпақасын адалынан теріп жүр. Халыққа қызмет көрсетіп отыр, – деп қабылдау ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне алғысын білдіріп, мерейгерге елдің алақанында баянды, бақытты ғұмырың жалғаса бергей деген тілегін жеткізді. Қаламгер әріптесі Өмірзақ Қажымғалиұлымен бірге мерейгерге шапан жауып, естелік сыйлығын ұсынды. Осындай ізгі тілек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ аудандық филиалының басшысы Ринат Есенғазиев тарапынан да айтылып, облыстық филиал директоры Р.Қалмұратовтың Құттықтау хатын табыстады.
Соңында Ерғанат Жолжанұлы 70 жасына орай қабылдау ұйымдастырып жатқан аудан әкімдігіне, ақ тілектерін ақтарған ел ағаларына ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ