Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжі аудандық аналар кеңесі, «Жансая» көшбасшы аналар клубымен бірлесіп «Менің мамандығым – менің бақытты болашағым» атты семинар өткізді.
Колледж директоры Болатбек Өтегенов келген қонақтармен таныстырып, оның мәні мен мақсатына тоқталып, семинардың жұмысына сәттілік тіледі. Одан әрі тәжірибелік бөлімде колледж студенттері мамандықтарына сай практикалық іскерлік дағдыларының қалыптасу деңгейін шеберлік сабақтары арқылы көрсетті.
«Дәнекерлеу ісі» мамандығының студенті Қасымхан Мұратов арнаулы пән оқытушысы Радик Казиевпен бірге «Дәнекерлеуде иммитация жасау жұмыстары», студент Нұрбек Тұрғанбай өндірістік оқыту шебері Әсем Махамбетовамен «Автомобильде бастапқы жүруді үйрену», мұғалімдер Тілекші Оразбаева, Серік Боранғалиев, Есенболат Қамиев шәкірттері Мейрамбек Рамазанов, Арманбек Утешов, Асылжан Айтжан, Семсербек Сатылғанов «Кескіндеме және сәндік декоративтік жұмыстар», «Кірпіштерді белгілі бір формада қалау», «Автокөліктің дөңгелегін жөндек және теңгеру», «Жоғары қысымды газ құбырын дәнекерлеу» тақырыптарында шеберлік сабақтарын көрсетсе, «Тамақтандыру» мамандығының студенттері Әсем Орынбекқызы, Әйгерім Қазбекова, Анел Орынбекқызы, Жансұлу Сейітхан өндірістік оқыту шебері Жанна Нухпен үгілмелі қамыр дайындауды, worldskills стандартымен бисквит қамырынан әзірленетін торт түрлерін жасап көрсетті.
Семинар қатысушылары одан әрі фуршетке қатысқаннан кейін пленарлық бөлім жалғасын тапты. Оған модераторлық еткен колледж директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Мұхтарова кіріспе сөзімен ашып, спикерлермен таныстырды. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова семинар тақырыбының өзектілігін сөз етсе, «Құрманғазы» ӨК төрағасының орынбасары Алтын Абуева кооперативтегі механизаторлардың жұмысын, оларға төленетін еңбекақыдан басқа көрсетілетін жеңілдіктер жөнінде айтып өтті.
«Құбашев Е.» шаруа қожалығының басшысы, аудандық мәслихат депутаты Есболат Құбашев ауылшаруашылығы саласындағы түйткілдерін, фермер маманының тапшылығын тілге тиек етсе, облыстық мәслихат депутаты Зәмзагүл Карсакова колледждің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде екенін айтып, мұнда білім алып жатқан студенттердің кәсіби білікті маман атануларына толықтай мүмкіндіктері жететінін алға тартып, оларды белсенді, білімді болуға шақырды. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Құрманғазы аудандық филиалының директоры Нұрдәулет Дәрелов кәсіп бастаймын не оны одан әрі дамытамын дегендерге мемлекеттен бөлінетін несиелер, субсидиялар және «Ауыл аманаты» жобасының басты шарттарын түсіндірсе, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Зоя Жағыпарова қайтарымсыз гранттарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Аудандық мансап орталығының бас маманы Құндыз Ғалымжанқызы жұмысқа орналасудың тәртібі, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен таныстырса, «Абылай» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Ақылбек Төлеуішов, жеке кәсіпкер Бахтылы Махмудова бизнес саласында өздерінің қолға алған істері жөнінде әңгіме өрбітіп, студенттердің қызықтырған сұрақтарына толымды жауаптарын берді. Ломоносов атындағы жалпы орта мектеп директорының орынбасары Берік Әнесов кері байланысқа шығып, семинардан алған әсерімен бөлісті. Колледж директоры Болатбек Өтегенов қатысушы түрлі сала өкілдеріне өзінің ұсыныстарын ортаға салып, семинарды қорытындылады.
Айнагүл Шакупова