Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналдырудың басты кілті деуге болады», деген еді. Күні кеше Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да: «Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы», деді Президентіміз Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысының бұл сөзін естігенде көз алдымызға өмір бойы таза еңбек етіп, адалдықтан қыл елі ауытқымаған, қарапайым болмысымен, үлкен адамгершілігімен халықтың ерекше ыстық ықыласына бөленген ел ағасы Таңатар Дәрелұлы келеді. Қарымды қаламгер, есімі республикамызға танымал ақын, Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақ журналистикасының қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Тауман Амандосов атындағы және Қазақстан Журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы отызға жуық жыр жинақтарының авторы. Өткен аптада жерлес ақын Таңатар Дәрелұлының 70 жасқа толуына орай Теңіз ауылдық округіндегі Ю.Гагарин атындағы орта мектепте «Менің де бір, жыр бағымды арала» атты кездесу кеші өтті.
Округ әкімшілігі, мектеп және ауылдық кітапхана бірлесіп ұйымдастырған шараны кітапхана меңгерушісі Мейрамгүл Құспанова жүргізді. Мерейгер Таңатар Дәрелұлы мен жұбайы Зоя Қоңқашқызы қошеметпен ортаға шақырылды. Алғашқы құттықтау сөз Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Мақсотовқа беріліп, ақын ағамыздың наурыз айынан бастап халық құрметіне бөленіп жүргенін айтып, осы биігіңізден түспеңіз деген ізгі тілегін жеткізіп, Құттықтау хатын табыс етті.
Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев:
– Таңатардың бойында ешкімнен таптырмайтын бір ерекше қасиеті бар. «Шын орақшы – орақ таңдамайды», дейді ғой. Біреулер «Өлең жазуға менің шабытым келмей отыр, тынысым ашылмай тұр» деген әңгімелер айтады. Ал, Таңатарға «сен мынаған өлең жазып берші» десең, шабыты сол бойда селдей тасып келе береді. Төкпе ақын осындай болса керек. Тағы бір қасиеті кімді болса да қуантуға әзір тұрады. Ешбір адамды сыртынан жамандауға жоқ. Сұрай қалсаң «Ол да керемет, анау да сондай тамаша адам» болып шығады. Мұның айналасына жақындап кеткен кісінің керемет емесі жоқ. Адам тани біледі. Бірдеңе жазып көрінгенді «Одан керемет журналист шығады» десе, шынымен де дәл солай болатынын өмірден көріп жүрміз. Сол қасиетіңді бағалайтынымды аудандық дәрежеде кешің өткенде айттым. Екінші бағалайтыным – жақсы отбасы. Жұбайы Зоя екеуін Алла тауып қосқан. Бірін-бірі жақсы түсініп сыйлаған жандар, ұрпақтары да алтын асықтай. Сондай үйлесімділіктен бұл жанұя ауданымыздағы ең үлгілі шаңырақтардың бірі. Алда да халықтың ыстық ықыласына бөлене бер! Шабытың тассын, ісің алға бассын, талай биіктерді бағындыр! Анау танымал ақын-жазушылар сенен артық емес. Олар орталықта жұмыс жасап содан көрінді. Шет аймақта жүрсең де сен солардың кейбірінен асып та түсесің, – деп шығармашылығың шарықтай берсін деген ізгі тілегін білдірді.
Мемлекеттік қызметтің ардагері, Еңбекші ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғаділхан Қалиев:
– Таңатарды көптен білемін. Бүгінгі жеткен биігіне өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен жол салды. Мен түрлі басшылық қызметтерді атқарғанда, аудан әкімінің идеология жөніндегі орынбасары лауазымында болғанымда тығыз қарым-қатынаста, қоян-қолтық жұмыс жасадық. Қатардағы журналист болып жүріп, бас редакторлыққа дейін көтерілді. Сонда байқағаным өте қарапайым, адал, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын, халыққа сыйлы азамат болды. Талай жыр жинақтары жарық көрген жақсы ақын. Олардың бәрі де лайықты бағасын алды. Өзгелерге болсын деп жүретін ізгі ниетті азамат,– дей келе қолыңнан қаламың түспесін деген ақ тілегін жеткізді.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нұрлығайын Нұғыманов, ауыл шаруашылығы саласының үздігі Руслан Сәуменов, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Темірханұлы, Абай, Гагарин орта мектептерінің директорлары Жамал Хасанова, Гауһар Нұғыманова, айтыскер ақын Мүтиғолла Ғани, аудандық орталық кітапхананың оқырман қамту бөлімінің меңгерушісі Людмила Рахметова, достары атынан ұзақ жылдар бойы аудандық мәслихаттың төрағасы қызметін атқарған Рифхат Сұлтанияев сөйлеп, ақын ағамыздың өзгеге үлгі болар еңбек жолын, парасаттылығы мен тектілігін әңгіме өзегіне айналдырып, ақ тілектерін арнап, кеш кейіпкерінің шығармашылығына жақсы баға берді. Құрманғазы аграрлы-техникалық колледжінің студенті Айгүл Қыдырова Гагарин орта мектебінің оқушылары ақын өлеңдерін жатқа оқыды.
Кеш барысында мектеп оқушылары мен ауыл өнерпаздары Қарақат Қалыбай, Нұрлан Нұрдәулет, Қадіржан Сәрсенбайұлы әдемі әндер мен күй орындап, шара шырайын аша түсті.
Қазақстан Журналистер және Жазушылар одақтарының мүшесі, ақиық ақын Таңатар Дәрелұлы:
– Айтылып жатқан ізгі тілектеріңіз үшін үлкен рахмет! Мен сіздермен бақыттымын! Осы шараға өзі ауырып жүрсе де Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Өмірзақ Қажымғалиұлының, Ғаділхан, Нұрлығайын ағалардың келіп жатқаны мен үшін үлкен мәртебе! Мынау отырған інілерім шақырғаннан қалмас, бұл кісілер денсаулығына байланысты көп жерлерге бара бермейді ғой. Жаңа ғана өлеңдерімді оқып жатқан оқушыларға, ақ қайыңдай бой түзеген Айгүл қарындасыма да алғыс айтамын,– деп өзін құрметтеп осындай кеш ұйымдастырып жатқан округ әкімі Қайсар Еркінұлына, мектеп директоры Гауһар Нұрлығайынқызына, кітапханашы Мейрамгүл Болатбекқызына шынайы ризашылығын білдірді.
Соңғы шыққан бір топ кітабын ауылдық кітапханаға сыйға тартты.
Қанат ҒҰМАРОВ