Қазақ дәстүрінде адамгершілікке баулып, тіршілік иесіне зиян келтірмеу мен қоршаған ортаға жанашырлық сезімін тудырар ғұрыптар өте көп.
“Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын” деген даналық сөздің өзі адамға байлықтан гөрі жасыл желектің орасан пайдасы барын айшықтап тұрғандай. «Бұтақ жайған ағаш қартаймайды» демекші, соңғы жылдары тал егу жұмыстары елімізде дәстүрлі үрдіске айналды. Оның қоршаған ортаға өзіндік әсерін тигізері сөзсіз. Осыған орай,облыстық ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығының ұйымдастыруымен ауданымызды көгалдандыру және көркейту мақсатында Орталық саябақта Республикалық «Менің атаулы ағашым» акциясы өткізілді. Оған аудан әкімі Марат Мурзиев, әкімдік аппараты, мәслихат депутаттары, Жастар ресурстық орталығының мамандары мен еріктілер ат салысты. Қатысушылар өз көшетін отырғызып, есімі жазылған тақтайшаны байлап, суарды. Егуге жоспарланған 1000 ағаштан 250 терек абаттандырылды.
Аудандық мәслихат хатшысы Болат Жүгінісовтың мәліметінше, жыл сайын егілген көшеттің жүз пайызға шаққанда 90 пайызы көктеп, жапырақ жаяды. – Өңірімізде ағаш егудің игі дәстүге айналғаны бізді қуантады. Былтырғы еккен терегім қазір жайқалып тұр. Бүгінгі еккен көшеттеріміз бірнеше жылда жасыл желекке айналып, саябақтың сәнін кіргізеді деп үміттенемін. Бұл жер ауылдың экологиясына әсер ететіндей үлкен демалыс орны болатынына сенемін-, дейді Болат Теміржанұлы. Жалпы бұл акцияны өткізудегі мақсат - аудан тұрғындарын өңірді таза ұстауға, жастарды еңбекке жұмылдыру арқылы, жерімізді таза әрі жасыл аймаққа айналдыруға шақыру болып табылады.
Жайдарлым Қайреден