Мен де бір түлегіңмін, «Серпер» сері !

(4 Votes)

Құрметті редакция! Сіздер біле бермессіздер, мен – Құрманғазы ауданының тумасымын. 1966-1983 жылдарда бұрынғы «Ленин жолы» газетінде жұмыс жасап кеткенмін.

Қазір зейнеткерлік демалыстамын, 2-ші топтағы мүгедекпін. Биыл «Серпердің» шыға бастағанына 90 жыл толатынын біліп, төмендегі дүниені жолдағанды жөн санадым. Кәдеге жаратып жатсаңыздар, қысқартпай, өзгеріссіз жариялауды сұраймын. Мен де Маңғыстау облысында аудандық газетте он жыл бас редактор болған адаммын.

90 жылдық тарихы бай «Серперім»,

Өзің жайлы бір үзік сыр шертемін.

Талмай жырлап келесің сен елімнің

Кешегісін,бүгіні мен ертеңін.

Мен де бір түлегіңмін,«Серпер сері»,

Қанат байлап ұшырған туған жері.

Отырмын Маңғыстаудан сәлем жолдап,

Отыз бес жыл өтіпті-ау содан бері.

Басталатын алпысыншы жылдардан

Сан тарау жол қолын бұлғап тұрды алдан.

Соның бірі алып барған өзіңе,

Құлшындырып жетеледі ізгі арман.

Ұшқындай шабытымды алып сенен,

«Анама» деп жазып ем алғаш өлең.

Бұл күнде ақын атым шыкпаса да,

Қара өлең, шоқыраққа салып келем.

Он жеті жыл жастығым өзіңде өтті,

Аралап аудан жұртын сөзім кетті.

Үлгі етіп асылдардың ұлағатын,

Таңдауым дұрыстығына көзім жетті.

Сол жылдардың бірге өткізген қыс-жазын,

Менің тұңғыш редакторым, ұстазым

Абдошұлы Марат аға жадымда,

Көрмеппін бір өктемдігін, қыспағын.

Кадр жағы болған жоқ бізде тапшы,

Ылғи мықты газетке болды басшы.

Соның бірі Тұрғанбай Қамеденов

Орыс тілін білуші еді өте жақсы.

Жоқты-бардан әңгіме құрамаған,

«Өзіне бұйырмасты сұрамаған».

Екі мәрте басқарды басылымды

Атақты Құрманғалиев Тұрар ағам.

Нағашым Рахметтің орны бөлек,

Ол маған еңбек етті елден ерек.

Мен болып мақала да жазғаны бар,

Бүгінде құпия емес сол бір дерек.

Әзілге жүйрік еді Қисым ағам,

Мәз-майрам боп «қызық-ай» дейсің оған.

Астарлы ақиқатын түсінген соң

Қынжылып, біраз опық жейсің одан.

Жазғанында орамды ой тұратын,

Бар дәмді асын қонаққа қойдыратын,

Жұмекеннің «шөтке шаш» Идаяты

Жігіттерді сазанға тойдыратын.

Іштерінде салмақтысы Құрыш еді,

Жүз грамнан татпайтын дұрысы еді.

Онымен құрдас еді Сәбит ағам,

Екеуі қалжыңдаспай тұрмас еді.

Қалайша Жұмақайды айтпай кетем,

Жасынан жазу жайын ойлайды екен.

Газетке қызметке алынған соң

Журналистің жолына түсті бекем.

Біз жүрдік «Лениннің жолыменен»,

Іс қылдық Компартия қолыменен.

Ол уақытта саясат сондай еді,

Газет оған үн қосты жөніменен.

Кеңес тарап, орнады жаңа заман,

Әйтеуір жұртым тыныш, елім аман.

Өз билігі өзіне тиген халқым

«Серпер» деген тың атау берді саған.

«Серпер» болып серпілттің саналарды,

Өткен күндер тарихта қала барды.

Сол күндердің шежіресін жазып кеткен

Қалайша ұмытамыз ағаларды?!

Күткендей тәуелсіздік таңы атарын,

Қатарыңа қосылды жаңа дарын.

Сол топта жұлдыздайын жарқырады

Нұрым мен Дәрелұлы Таңатарым.

Дей көрме: «Неге бұлай теңедіңіз?»,

«Серперменен» Дәрелов –ұғым егіз.

30 жылдай басқарды тапжылмастан

«Серпер» десең, Таңатар дегеніңіз.

Толғауым боп бара ма ұзын сонар,

Хабары біраз жайдың жеткен болар.

Құттықтаймын 90 жыл-ұлы тоймен,

Құдай жазса, «Серперім» жүзге толар.

(Жас буын біле бермес бұл есімді)

Қосайын мен де осылай үлесімді.

Әділеттің ақ жолын жалғай берші,

Тоқтатпай шындық үшін күресіңді!

r

Амантай Жамалидденов,

Газеттің 1966-1983 жылдардағы қызметкері, ҚР Журналистер одағының Мүшесі

* «Өзіне бұйырмасты сұрамаған»-Тұрекеңнің өз сөзі.

** «Ленин жолы»-Сол жылдарда газет осылай аталған-ды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT