Мен соғыстың қиындығын көрмеген бақытты ұрпақтың бірімін.
Сол қиын-қыстау кезеңде біздің жасымыздағы балалар үлкендермен қатар еңбек етіп, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосқан. Солардың бірі менің үлкен нағашы әжем Ханафина Маруся Жұмағалиқызы. Бүгінгі күні тоқсанның тұғырына қонақтап отырған әжем сұрапыл соғыс басталғанда сендей қыз едім деп әңгімесін бастайды.
...Селеуов Жұмағали мен Жаңылдың отау құрғаннан кейін тоғыз жылдан соң көрінген тұңғыштары болып 1930 жылғы 23 қаңтарда дүниеге келіпті. Әкесі қыр өңірінде мұғалімдік қызметте болады, Қызылобадағы жетіжылдық мектепте бесінші сынып оқып жүргенде әкесі майданға алынады. Содан соң оқуды тастауына тура келіп, анасымен бірге колхозда жұмыс жасайды. 1942-1943 жылдары «Гурьев-Астрахан» темір жолын салуға дайындық жұмыстары басталып, табанын төсеу жұмыстарына елдегі қолға күрек ұстауға жарағанның бәрі жұмылдырылады. Балалар топырақты қаптап, түйеге артып жолға дейін апарады. Үлкендер оны төгіп тегістейді. Ол оңай жұмыс емес-ті. Бұл еңбектеріне трудодень қойылатын, күндік норманы артығымен орындағандарға қосымша жазылып отырылды. Ұзақты күнгі жұмыстан әбден қалжырап қайтса да шамның жарығымен әжелер мен аналардың қатарында соғыстағы солдаттарға жүн носки мен қолғап тоқуларына жәрдемдесті. Майданнан жеткен хат-хабарды оқып, үлкендердің көңілін бірлендіретін. Алайда қуанышты хабарлармен қатар, «қара қағаздар» да келіп кей шаңырақты қайғы бұлты торлайтын...
...Елде ол кезде ұн дегенің атымен жоқ. Қырдың адамдары құмда өсетін құмаршықты талғажу ететін. Күздікте оның дәндері піскен кезінде үйдегі алаша- кенепті төсеп қағып алуға барамыз. Бір уысын да жерге түсірмей жинап алуға тырысамыз. Қазан қақтырмай, яғни алғашқы суықтыққа шалындырмай молынан жинап алсаң алты ай қысыңа азық болады. Дәнін қол диірменге тартып ұн қыламыз. «Аштықта жеген құйқаңды, тоқтықта ұмытпа» деген, сол құмаршық нанының иісі мұрнымнан, дәмі таңдайымнан әлі күнге кетпейді. Бала біткен үйдегі ошақ жанында отқа көмілген нанның пісуін, одан соң сәл сууын тағатсыздана күтіп отыратынбыз...
Балалық шақтары сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген әжемнің тұрғыластарының, ауыл еңбеккерлерінің жанқиярлық еңбегін бас қолбасшы Иосиф Сталиннің өзі жолдаған «Гурьевская область. Секретарю Денгизского райкома товарищу Тарасову. Передайте колхозникам и колхозницам Денгизского района, собравшим 2 млн. 157 тысяч рублей на строительство танковой колонны «Колхозник Казахстана», мой братский привет и благодарность Красной Армии. И.Сталин» деген арнайы хаты айғақтайтындай. Осылай тылдағы еңбек майданы алдыңғы шептегі жауынгерлерімізге қуат беріп, жауды апанында тізе бүктіруге септігін тигізді.
Маруся әжем 1949 жылы «Талап» мектебінде мұғалімдік қызмет атақаратын Салауат Ханафинге тұрмысқа шығады. Қайын атасы Мұратов Ханафия 1942 жылы соғысқа кеткеннен оралмаған екен, жас шаңырақ Салауаттың Хадиша әжесімен, анасы Мақпалмен және оның бауырына басқан қайынсіңлісінің баласы Болашбаймен бәрі бірге тұрады. 1952-1959 жылдары әжем енесі Мақпал екеуі колхоздың түйесін өз алдына алып бағады. Ұзын сирақты 50 шақты түйе малын шашау шығармай бағу, шұбат өндіру екі әйелге қаншалықты қиын болса да жеңе білді. Еселі еңбектері ескеріліп, сол кездегі облыстық ауыл шаруашылық комитетінің «Мақтау грамотасы» ұлығыланады.
1959 жылы азаматы «Жасқайрат» мектебіне директор болуына орай түйе бақташысы жұмысын тапсырып, Қызылобаға көшіп келеді. 1971-1983 жылдары Салауат атам Дыңғызыл селолық советінің төрағасы қызметін атқарды. Халық құрметіне бөленіп, ел ағасына айналған шағында жазылмас дертке шалдығып, 1983 жылы 7 наурызда дүниеден озады.
Салауат ата мен Маруся әже дүниеге 1 ұл, 7 қыз әкеліп, оларды адам-асыл қылып тәрбиелей білді. Ұлдары Даниял құрылыс саласында жұмыс жасаса, келіндері Бақытжамал мұғалім, мектеп директоры, Шортанбай ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарды. Мәншук, Ажар, Гүлжан сынды қыздары әке жолын қуып, мұғалімдік қызметтен зейнеткерлікке шықты. Шолпан мен Шұғасы есепші, Бибігүлі кітапханашы, Шынар Қиғаш кентіндегі су сорғы басқармасында жұмыста. Осы ұрпақтарынан тараған Маруся әжейдің қазір 19 немере-жиені, 41 шөбере-жиеншары бар.
Зарема ЕЛЕМЕСОВА,
Ломоносов атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы