Аудандық аналар кеңесі қыз–келіншектер арасында «Менің анам алтын» атты онлайн фестивалін жариялаған болатын.
Оған әрбір округтен бақ сынаған 25-40 жас аралығындағы 17 қатысушы анасы, енесі немесе әжесінің өмірдегі, қоғамдағы орны, атқарған еңбегі туралы түрлі форматта жобалар дайындап, бейнежазба түрінде жолдады.
Сарапшылар бейнежазбалардың анықтығы, сапалылығы, жоба мақсатының ашылуы, нәтижелігін ескеріп, Ю.Гагарин, Ш.Уалиханов, Абай атындағы орта мектеп пен Теңіз, Қиғаш, Құрманғазы округтерінен қатысушылардың жұмыстарын талапқа сай, жақсы деп бағалады. Байқау қорытындысы аудандық балалар кітапханасында өткізіліп, Ю.Гагарин жалпы орта мектебінің кітапханашысы Н.Менетаева «Рахмет сізге, ана», аталмыш оқу ордасының мұғалімі Е.Ихсанова «Менің алтын анам», Абай орта мектебінің мұғалімі А.Әділханова «Ана алақанының аясы – ақ шынардың саясы» тақырыбында әзірлеген жобаларын назарға ұсынды.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Б.Хасенова адамзаттың ана алдындағы парызын ұғындырған қатысушыларға кеңес мүшелері атынан үлкен ризашылығын білдіріп, алғыс хаттармен марапаттады.
Еркеназ Қалижан