Мемориалдық тақта ашылды

Фото: редакция қорынан
(0 Votes)

Қазақстанның Құрметті журналисі, Құрманғазы және Исатай аудандарының Құрметті азаматы, өлкетанушы, шежіреші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, отыздан аса кітаптардың авторы, «Нарынның Шолоховы» атанған Рахмет Иманғалиевтің туғанына биыл 90 жыл толып отыр.

Осыған орай, аудан әкімдігінің, «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің, облыстық «Atyrau» қоғамдық-саяси газетінің қолдауымен қаламгердің тұрған үйінде мемориалдық тақта ашылды.

Оның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Қабылов, облыстық «Атырау», аудандық «Серпер» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторлары Назарбек Қосшиев, Айнагүл Шакупова, Исатай аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ринат Есқали, аталған аудан мәслихаты аппаратының басшысы, өлкетанушы Мүтиғолла Нәсиханов, «Нарын таңы» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жоламан Дәулетияр, журналистика саласының ардагерлері, қаламгердің ұрпақтары мен аудан тұрғындары қатысты.

Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов сөйлеп: –«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», дегендей, біз Рахмет ағаны мақтан етеміз. Өз ісінің майталманы болғаны, мамандығына адалдығы бәрімізге белгілі. Осындай игі жақсыларға мемориалдық тақта орнату орынды деп санаймыз және келер ұрпаққа өнеге боларына сенімдіміз. Бұл қаламгер ағамызға деген шексіз құрметіміз және мұны ол кісінің алдындағы үлкен абыройлы борышымыз және міндетіміз деп есептейміз. Тақтаның ашылу мақсаты – Рахмет Иманғалиұлының қоғам үшін жасаған істерін жастарға үлгі ету. Сонымен қатар, бұл мәдениет, журналистика саласының қызметкерлеріне тәлім-тәрбие болатынына сеніміміз мол, – деп салтанатты шараны өткізуге атсалысқан барша азаматтарға алғысын жеткізіп, Р.Иманғалиевтің ұрпақтарына амандық тіледі.

 

«Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Қабылов:

– Өздеріңіз білесіздер, биыл «Атырау» газетіне 100 жыл толды. Соған байланысты осы газетте, жалпы баспасөз саласында жұмыс жасаған көптеген тұлғаларға қалада, аудандарда көшенің аттары беріліп, ескерткіш тақталар орнатылып жатыр. Жақында ғана Нуридден Муфтахов ағамызға, оның алдында Құмар Кенжеғалиевке, Теңдік Жауыровқа көше берілді. Рахмет Иманғалиұлын Атырау өңірінде білмейтін адам жоқ болар деп ойлаймын. Ол кісімен жұмыстас болған соңғы бас редактор менмін. Ол кезде «Атырау» газетінің аудандардағы тілшілері бір-бір тұлға болатын. Құрманғазы, Исатай және Ресейдің көршіліс аудандарын қамтитын тұлғамыз, арқа сүйеріміз Рахмет ағамыз еді,– деп ауданымыздың Азғыр өңіріне бірге сапарға шыққанын тебірене еске алып, көптеген кітаптар жазып, тарихты зерттеген қаламгер екеніне тоқталып, шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

«Атырау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Назарбек Қосшиев:

– Бүгін Жүзарал жерінде үлкен шара өтіп жатыр. Себебі, Атырау журналистикасында, жалпы қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты ағаларымыздың бірі Рахмет Иманғалиевтің өзінің тұрған үйіне елдің азаматтарының қолдауымен, облыстық «Атырау» газетінің 100 жылдық мерейтойының аясында редакциямыздың арнайы ұсынысымен мемориалдық тақта орнатылды.Біз Жылыой ауданында Рахмет ағамызбен жолдас болған Бақытжан Бозданұлы ағамыздың да үйіне мемориалдық тақта орнатып, көше беру жөнінде, одан басқа жазушы-драматург Берік Қорқытов, газеттің редакторлары болған Теңдік Жауыров, Құмар Кенжеғалиев, редактордың орынбасарлары Абуғали Абдуллин, Шөпенғали Дәуенов және басқа да дүниеден озған әріптес аға буын өкілдерін мәңгілік есте қалдыру мақсатында ұсыныстар жасадық, – дей келе, оны тиісті орындар құптағанын айтып, облыс, аудан басшыларына ризашылығын білдіріп, осындай мерейлі сәттер көбейе берсін деген тілегін жеткізді.

Мемориалдық тақта алдына керілген лентаны аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов, Қазақстан Жазушылар одағы аудандық «Теңіз» филиалының төрағасы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев, «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлан Қабылов қиды.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT