Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Дамыған елдердің тәжірибесі елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда мемлекеттік аппараттың кадрлық мүмкіндігі аса маңызды екендігін көрсетіп отыр.
Сондықтан, Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап заманауи, стратегиялық міндеттерді тиімді іске асыратын мемлекеттік аппаратты құру мәселесі назардан тыс қалдырған емес. Егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін енгізді, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды. Қазақстанда бұрынғы кеңестік елдер арасында алғаш рет мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеу енгізілуі, мемлекеттік лауазымдардың саяси және әкімшілік болып бөлініп, мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру жөніндегі шаралар іске асырылды. Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Олар халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болулары қажет. Елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы да міндетті. Себебі, әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығы тікелей мемлекеттік қызметке байланысты. Нақты айтатын болсақ, ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – жауапты міндет. Өйткені, ол қай кезде де биліктің биік бейнесін, іскерлік қабілетін көрсетеді.
Мұрадым Қайсаев,
аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы.