Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясында ұзақ мерзiмдi басымдықтардың бiрi – кәсiби мемлекеттi құру екені мәлім.
Бiздiң мемлекетiмiздiң алдында тұрған стратегиялық мiндеттердiң сапалы iске асырылуы қай саланың болмасын дамуы мемлекеттiк қызметтің кәсiптiлiгiне негiзделедi. Сондықтан, қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызмет аппаратының кәсіби біліктілігіне, мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептік келбетіне зор мән берілуде. Оның нақты дәлелі – Елбасымен ұсынылған Ұлт Жоспары «100 нақты қадам» аясында, 2016 жылдың 1 қаңтарда күшіне енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңдардың және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің қабылдануы болып табылады.
«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» мемлекеттік қызметшінің жұмыс пен тұрмыстағы жүріс-тұрысын реттейді. Мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі мен білімінің арқасында елге қызмет етумен қатар, белгіленген әдептілік нормаларын сақтай отырып, тек қызмет барысында ғана емес, барша азаматқа үлгі болуы арқылы мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға үлес қосуы керек.
Аталған заң аясында мемлекеттік қызметшілер жұмыс барысында адал, әділ, қарапайым болуға, моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестермен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, қабылдайтын шешімдерінің заңдылығын қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін іс-әрекеттерге қарсы тұруға, мінез-құлқымен қоғамдық сынға себепкер болмауға, жұмыс уақытын тиімді пайдалануға жеке мәселелерінде қызметін пайдаланбауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауға міндеттелсе, жұмыстан тыс уақытта масаң күйде болмауға, қоғамға жат әрекеттерді жасауға тыйым салынған. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтегі басшылар өзінің мінез-құлқымен бейтараптық танытып, еңбекті, денсаулықты қорғауға, қызметшілердің тиімді қызмет етуі үшін қауіпсіз және қажетті жағдайларды жасауға, олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітпеуге, негізсіз айыптауларға, дөрекілік, әдепсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге тиіс.
Сондықтан, мемлекеттік қызметте үлкен жетістіктерді бағындыруды көздеген әрбір мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңдарының талаптарын мұқият сақтап, еліміздің өркендеуіне зор үлес қосуымыз қажет.
Мұхитов Мұратбек Асқарұлы,
«Атырау облысы Құрманғазы ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы