Президент өз жолдауында мемлекеттік қызметшілерге де халықтың назарын аударды.
Шынымен де тиімділігі аз, бір міндетті бірнеше адамның атқарғанынан келер пайда қаншалықты? Жалпы бірін-бірі қайталаушылық, еңбек нарығындағыларға көмектің орнына кедергі келтірушілік бүгінімізге тән. Соны білгендей мемлекет басшысы: «Мемлекеттік қызметшілердің сапасын арттыру үшін олардың қатарына жас даярланған мамандарды тарту қажет. 2020 жылдан бастап мемлекеттік қызметшілер санын біртіндеп қысқартуға көшеміз. Одан босаған қаржыны пайдалы қызметкерлерді материалдық тұрғыда ынталандыруға бағыттаймыз. 2024 жылы мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың жұмысшылар санын 25 пайызға, яғни төрттен біріне қысқарту керек»,-деді Президент.
Мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуды да назардан қағыс қалдырмаған. «Мемлекеттік компаниялар конгламераттарға айналып шыға келді. Мұны түсіну керек. Халықаралық бәсекеге қабілетке бұл айтарлықтай күмән туғызып отыр. Мемлекеттің экономикаға араласуын қысқарту үшін мен квазимемлекеттік компанияларды құруға мораторий жарияладым. Біз соңғы 14 жылда ұлттық әл-ауқат қорының халықтың жағдайын көтеруде қаншалықты пайдасы болғанын ұғынуымыз керек. Үкімет Есеп комитетімен бірге үш айдың ішінде талдау жүргізіп, мемлекеттік холдингтер мен ұлттық компаниялардың тиімділігін зерттеуі»,-керек деді.
Көріп отырғанымыздай, еліміздегі барлық салалардың бет-бейнесі анықталғанын сезінеміз. Ендігі жерде халыққа пайдасы жарытымсыз, елдің өркендеуіне септігі мардымсыз компаниялар қысқаруға ұшырайды. Бұл әлі де зерттеліп, зерделеуді күтіп тұрған шаруа.
Ал, енді мемлекеттік қызмет мәселесіне келер болсақ, алға қарай телефон көтеріп хабарласумен, «бастық өй деп жатыр, бүй деп жатырмен» уақыт өткізетіндер одан әрі бұл жауапты сапта бола алмайтындығы өз-өзінен түсінікті. Далиған штат зерделей түссе біршама мекемелерге тән болуда. Мемлекеттік қызмет біреудің көлеңкесінде екіншілер өмір сүретін жер емес. Мәселенің байыбына бара алмайтын, өз ойын қағаз бетіне дұрыс түсіре алмайтын, өзіне де, өзгеге де талап қоя алмайтын менің кейбір ізбасар әріптестерім ерте бастан өздеріне лайық орындарын тапқандары жөн.
Асқар Ғұмаров,
мемлекеттік қызмет ардагері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі