2015 жылы қабылданған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында заманауи мемлекеттік аппарат қалыптастыру міндеті белгіленген болатын.
Оны жүзеге асыру кәсіби мемлекеттік қызмет және тиімді басқару құрылымын құрумен қатар, еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің халық алдындағы жағымды бейнесін қалыптастыруға да игі ықпалын тигізері сөзсіз.
Мемлекеттік қызметшінің беделін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени қырларды қамтитын атқарушы биліктің имидждік саясатымен тығыз байланысты. Қазіргі әлемде мемлекеттік сектор қоғам өмірінің қайнаған ортасында және үнемі халықтың назарында болады. Дегенмен, басқару құрылымын жетілдіру, нығайту және мемлекеттік қызмет саласындағы реформалар егер мемлекеттік қызметші қоғам тарапынан кәсіби білікті маман ретінде танылмай, керісінше жемқор, бюрократ сияқты теріс жақтарымен көрінсе, онда ойға алған мақсат орындалмайды, яғни жоғарыда аталған реформалар жүзеге аспайды.
Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы - әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет. Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінезқұлық мәселесі және бар. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральдық адамгершілік қасиеттері қатар тұру керек.
Мемлекеттік қызметшінің беделіне қойылатын талаптар Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде арнайы нақтыланған. Сондықтан, мемлекеттік қызметші Әдеп кодексін әрқашан басшылыққа алып, мемлекеттік қызметтің беделін, мәртебесін түсірмеуді үнемі назарда ұстауы тиіс. Жалпы кәсібилік пен әдептілік қосылып, мемлекеттік қызметшінің тұтас имиджін көрсетеді. Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығына және әділдігіне қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуға мүмкіндік береді.
Қоғам дамыған сайын бүгінде мемлекеттік қызметшіге қойылатын талап та күшеюде. Мемлекеттік қызметшінің жұмыс көлемі ауқымды болғандықтан қоғам тарапынан жұмыс бағытында түрлі ұсыныстар беріліп, жиі сыналатыны да сөзсіз. Дегенмен, «Сын түзелмей мін түзелмейді» дейді дана халқымыз. Сондықтан, әрқашан халықтың талап-тілегін ескеріп, пайдалы ойды, саналы сынды лайықты іспен ұштастыра білуіміз қажет.
Қазіргі қоғамдағы жағдайларды ескере келе, бүгінгі мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен бұрынғы текті ата-бабаларымыздың қанында болған елжандылық, ұлтшылдық, жұртына деген адалдық қасиеттерді талап еткен дұрыс көрінеді. Өйткені, алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов айтқандай «Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден». Сондықтан, мемлекеттік қызметші тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларды қатаң ұстанғанда ғана, Тәуелсіз елдің ертеңі баянды, әрі келешегі нұрлы болмақ.
Г.Гумарова,
Орлы ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы