Мемлекеттік қызметтің беделі-білімді де білікті басшыға тікелей байланысты. Мемлекеттік мекеменің басшысы мінезге бай, ұстамды, қарауындағылардың пікіріне құлақ асатын, еңбек тәртібін қатаң сақтайтын, әріптестеріне қашанда қамқоршы ретінде сезілетін, яғни бір сөзбен айтқанда-тұлға болуы керек.
Міне сол кезде қарауындағылардың оған деген сенімі, жұмысқа деген құлшынысы зор болады және кез келген тапсырмалар уақытында, сапалы орындалатын болады.
Мемлекеттік қызметтің беделі-алғашқы рет мемлекеттік қызметке келген жас маманға тағайындалған тәлімгердің қарым-қабілетіне, тәрбиесіне де байланысты. Себебі: болашақ мемлекеттік қызметші алғашқы тәлімгерден не үйренді, қандай тәрбие алды, алдағы уақытта да сол соқпағымен жүретін болады және уақыт өте келе қайта тәрбиелеу қиынға соғады. Халықтың мемлекетке деген көзқарасы, жалпы мемлекеттік қызметтің беделі- тікелей орындаушыға байланысты, яғни мемлекеттік қызметші өз ісінің маманы, адамдармен тіл табыса алатын, мінезге бай, өзіндік тұлға болған жағдайда ғана мемлекеттің саясаты жүзеге асып, халықтың әл-ауқаты жақсаратын болады.
Жалпы мемлекеттік қызметті тек мәнсап деп қарайтындар өз қызметін бағаламайтындар дер едім. Себебі, елге қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Өз жұмысынан рухани күш алатын маман – ол қызметте білікті, өмірде бақытты адам деген сөз. Ал білікті маман, бақытты адам өз елінің көркеюі үшін еңбек етері хақ.
Әзиза Тілекқабылқызы,
Құрманғазы ауылдық округінің бас маманы