Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Демек, адамдар арасында осы қызметші туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, оған деген айқын сенімділік қалыптасуы қажет.
Мұндай сенім мен құрметке жету оңай емес. Бұл үшін бір ғана кәсіби білімділік пен білгірлік жеткіліксіз, одан басқа қызметшінің жеке мінез құлық мәселесі және бар. Яғни, кызметшінің кәсібилік деңгейі мен жоғары моральды қадамгершілік қасиеттері қатар тұру керек.
Өз кезегінде, мемлекеттік қызметшілердің халықпен өзара қарым-қатынасының негізгі көрсеткіші мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы болады. Сондықтан, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдау, халықтың сұранысына бағдарлануы тиіс.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдалану кезінде жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге, өзге желі пайдаланушылармен сөйлесу кезінде сыпайылық танытуға, шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттарды таратпауға, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға міндетті.
Алайда, бүгінгі таңда мемлекеттiк қызметшiлер күнделікті қызметінде, сонымен қатар халықпен кездесу барысында өзін-өзі ұстау мен көпшілік алдында сөйлеу кезінде әдеп нормаларына сай келе бермейтін әр түрлі кемшіліктерге жол беретін кездер жиі көрініс тауып, әлеуметтік желілер арқылы сынға ұшырауда.
Мемлекеттік қызметкершілердің жұмысына баға беретін халық. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметші ең әуелі халыққа қызмет ететінін естен шығармай, өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы, әділдігін қамтамасыз етуге, өзінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан сынға ұшырамауға, мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірмеу керектігін назардан шығармауы тиіс.
Мұрадым Қайсаев,
аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы