Мемлекеттік қолдаудың мүмкіндіктері түсіндірілді

(0 Votes)

Ел экономикасының ең маңызды саласының бірі - ауыл шаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұратынын ескертіп, Үкіметке ауылды дамытудың бес жылға арналған жоспарын әзірлеуді тапсырған болатын.

Министрлер кабинетімен «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жасақталды. Соған сай ауыл шаруашылығы саласын мемлекет тарапынан қолдау жанданып, оның көлемі жыл сайын артып келеді. Осы орайда аудан әкімдігінде шаруа қожалығы иелері мен  кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламалар бойынша несиелендірудің тәртібін түсіндіру мақсатында жиын өткізілді.

Басқосуға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Бөлеков сөзді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұловаға берді. - Аграрлық несие корпорациясы шаруагерлердің қаржылық ресурстарға қол жетімділігін кеңейту бағытында белсенді жұмыс жасайды. Берілетін несиелер көлемінің ұлғаюы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына өз қызметін кеңейтуге, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің инновациялық әдістерін енгізуге және саланың дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Несиелеу «Кең дала», «Агробизнес», «Іскер», «Жастарды шағын несиелеу» атты бағдарламалар бойынша жүргізіледі.  «Агробизнес» бағдарламасы ауыл шаруашылығындағы кез келген  жобаларды қаржыландырады. Бағдалама мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығын және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жобаларын қамтиды. Аталған несиені құрал-жабдыққа, оны жаңартуға, құрылыс-монтаж жұмыстары мен айналым қаражатын толтыруға да алуға болады. Бұл бағытта кәсіпкер 6 пайызбен несие ала алады. «Іскер» бағдарламасы стартап жобалар мен кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлерді қолдайды. Ол арқылы кәсібін жаңа бастап жатқандарға микроқаржылар беріледі. Несие 6 пайызбен 7 жыл мерзімге дейін қарастырылады. «Жастарды шағын несиелеу» бойынша  21-35  жас аралығындағы кәсіпкерлерге 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін қаржыландырылады. Бастапқыда корпорацияның жоспарлаған қаржыландыруы жергілікті жерлердегі фермерлер мен кәсіпкерлердің сұранысы негізінде несиелеу көлемі ұлғайтылды. Бұл корпорацияның шағын бизнес өкілдерін әрқашан қолдауға мүдделі екенін көрсетті. Жұмыстарын жетілдіре отырып, несие алуға ниеттілердің онлайн режимінде өтініш түсіре алатын «Agronesie.kz» порталын іске қосты. Ол бойынша тек өтінім қабылдап қоймай, қажетті анықтамалар алуға және несиелерді өтеу кестелерін бақылауға мүмкіндік  берді, -  деп түсіндірген хабарламашыға шаруагерлер тарапынан көп сұрақтар туындады.

Шаруа қожалығы иелері Болат Абдолов тоған шаруашылығын жүргізуді несиелендіру бағытын, Серік Алғаязов ипподром салуға қандай көмегі барын сұрады. Мұқар Шаяхметов, Тойдық Ізбанова несие серіктестігінен алған қарыздары бойынша туындаған қиындықтардың тезірек шешілуін өтініш етті.  Басқа да сауал қоюшылар зейнет жасындағыларды несиелеу, қызмет көрсету орындарын ашу сияқты түрлі сұрақтарына ұғынықты жауаптарын алды. Жиын соңында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Гүлзада Шалағұлова, филиалдың  несиелеу жөніндегі бас менеджері Айгүл Демесінова жеке қабылдауын өткізді.

Айбек НӘЖІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT