Қазір елімізде болып жатырған жағдайлар өздеріңізге жақсы мәлім.
Өркениетті даму жолына түскен зайырлы мемлекетте осылай болады деп ешкім ойламасы анық. Бейбіт жолмен, у-шусыз шешілетін мәселені кейбір адамдар өз мақсаттарына пайдаланып, шиеленістіріп жіберді. Нәтижесінде Мемлекет басшысы елімізде Төтенше жағдай жариялады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның кепілі, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде батыл шешім қабылдай білді. Мұны уақыт талабынан туындаған нәрсе деп түсінейік. Тұрақтылықты қалпына келтіру үшін басқа жол қалған жоқ еді. Күнделікті жаңалықтардан естідіңіздер экстремистік топтар Алматыда бәрін бүлдіріп, қиратуды бастады. Ешқандай жазығы жоқ кәсіпкерлердің дүкендері талқандалып, тоналды. Қазір еліміз бойынша кәсіпкерлік нысандары 88 млрд. теңге зиян шеккені, 1091 нысан қиратылып, 937 нысан тоналғаны нақтылану үстінде. Call орталықтарға жеке тұрғындардан 650 қоңырау түскен. Жөн сөзді түсінуден қалғандар басу айтуға шыққандарға күш қолданып, адам өлімі болды. Жақында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған үндеуінде елде анархияға жол беруге болмайтынын, демократия деген бетімен кетушілік еместігін жеткізді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы экстремистермен қақтығыста қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбастарына көңіл айтты, 10 қаңтар еліміз бойынша азалы күн болып жарияланды. қаза тапқан азаматтардың отбасыларының қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.
Орын алған жағдайдың салдарынан қарапайым халықтың арасында өтпелі қиындықтар туындауда. Әрине, Президентіміз бен билік орындары оларды рет-ретімен шешіп, біз бұл тығырықтан шығамыз. Сонау тоқсаныншы жылдардағы дағдарыстан да бүлінбей аман өткенбіз. Бүгінде бізде қалыптасқан мемлекеттік органдар мен қаржылық құрылым жүйелері бар. Мемлекетіміз экстремистердің іс-әрекетінен зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне көмектеседі. Сол сияқты әлеуметтік төлемдерге құжаттар жинауда да жеңілдік жасалып отыр. Банктер несиелік төлемдері кейінге қалдыруда. Осы және қабылданып жатырған басқа да шаралар бұлқиындықтардан жол тауып шығуда зор пайдасын тигізеді. Сіздерден бізге қолдау білдіруді, сабырлылық пен билік жүйелеріне сенім танытуды сұраймыз.
Бірлігі берік елдің ғана іргесі бүтін, келешегі кемел болады. Қазақ сияқты саны аз, жері кең, әрі қазынаға толы халыққа бірлік ауадай қажет. «Жау жоқ деме жар астында, Бөрі жоқ деме бөрік астында», деп данабабаларымыз біліп айтқан. Біз өзара алауыз болсақ, оның соңы жақсылыққа соқтырмайды. Бүтіндігіміз бен бірлігімізге сызат түсіріп, егемендігімізден айыруды қалайтын сыртқы күштер жоқ емес. Оларға керегі ішкі тұрақтылықтың шайқалуы. Осыны түсінейік. Тәуелсіздік жылдарында еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Қалаларымыз бен ауылдарымыздың сән-салтанаты жарасып, бұрын болмаған нысандар салынды. Жаңа мектептер, ауруханалар, әлеуметтік қызмет көрсету ғимараттары бой көтерді. Ауылішілік жолдар салынды және құрылыстары жүруде. Шағын және орта бизнес дамыды. Бүгінде жұмыс жасағысы, жақсы тұрғысы келген адамға барлық мүмкіндік жасалуда. Түрлі гранттар берілуде. Осының бәрі ішкі тұрақтылықтың нәтижесі. Бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке енді қолымыз жетіп, жас мемлекетіміздің бұғанасы беки бастағанда бәрінен айырылсақ, орны толмас өкінішке ұрындырары анық. Ұлтымыз ертеден-ақ тентектерін емес, ел басқарған хан-сұлтандарын, тектілерін, ақыл кені үлкендерін тыңдай білгендіктен біз тарих сахнасынан жоғалмай қалдық. Сол дағдымыздан жаңылмайық. Бар нәрсені бүлдіру оңай, кейін қалпына келтіру қиын. Ондаған жылдар бойы жасалған игіліктерді бір-ақ күнде жоқ қылуға болады. Одан тек қарапайым халық зардап шегеді. Ал, жастарды осындай іске айдап салып отырғандар олардың болашағына бастарын ауыртпайды. Құқықтық мемлекетте қандай қылмыс та жазасыз қалмайтынын білейік. Жастарымызды «Ойнақтап жүріп от басудан» сақтандырайық. «Тәртіпке бағынған құл болмайды», деген ғой батыр Бауыржан Момышұлы. Бәрі заң шеңберінде болғаны дұрыс. Тәртіп болмаған, сақталмаған жерде ешбір іс алға баспайды. Барлық мемлекеттер сияқты Қазақстан Республикасы да өз азаматтарының өміріне қауіп төндіруге, мемлекеттің бірлігіне нұқсан келтіруге, діни және ұлтаралық қатынастарды шиеленістіруге жол бермейді, қатаң шаралар алады.
Мемлекетіміз сіздердің әлеуметтік-тұрмыстық әлеуеттеріңіздің жақсаруы үшін қызмет етіп келеді. Президентіміз Жолдауында халыққа қызмет ету, барлық жағдайды жасау бағытындағы тапсырмалар беріліп, ол жергілікті жерде жүзеге асырылуда. Аудан тұрғындарының жағдайын жақсартуға бағытталған алға қойған мақсатты жоспарларымыз бар. Біз ауданымызды көркейткіміз, туған жеріміздің өркендей түсуін қаласақ, сол жоспарларды орындауды кейінге шегеретін әрекеттерге бармауымыз керек. «Бірлік бар жерде, тірлік бар», деген ғой бабаларымыз. Сіздерді Президентіміздің төңірегіне топтаса түсуге шақырамын! Талай дүлдүлдерді дүниеге әкелген зиялылар өңірі, қасиетті Құрманғазы топырағының азаматтары жел сөздің жетегінде кетпейтін, сабырлы да салмақты, бәрін ақылмен шешетін қалпынан танбайды деген сенімдемін.
Марат Мурзиев,
Құрманғазы ауданының әкімі.