Жаңаталап ауылдық округіндегі Ы.Алтынсарин орта мектебінде білім ұясынан қанат қаққандарына 50 жыл толған түлектер Қазақстан Республикасы оқу-ағарту ісінің үздігі, жаратылыстану саласы мен химия пәнінің ұстазы Абатов Бекболат атындағы химия пәні дәрісханасын ашты.
Алдымен түлектер Хиуаз Доспанова атындағы мәдениет үйіне жиналды. Ғимарат алдында қазақы дәстүр бойынша ақпен, бауырсақпен қарсыланды. Шараны өнерпаздар Самат Саламатов пен Гүлзада Жұмалиева жүргізді. Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Сұңғат Бірәлиев құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді. Түлектер кездесуін ұйымдастыру комитетінің төрағасы, мектеп түлегі Өміржан Жұманиязов түлектер мен ұстаздарға арнайы шығарылған төсбелгіні табыстады. Ақжарма тілектер ардагер ұстаз Амангелді Хилауов, округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Сапарғалиев, өмірден өткен түлектердің туыстары атынан Әспет Абуғалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының шетелдік мүшесі, мектеп түлегі Ербол Махмотов тарапынан да айтылды. Өнерпаздар шараны әсем әндерімен, бимен көркемдеді. Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте Қазақстан Республикасының оқу-ағарту ісінің үздігі, жаратылыстану саласы мен химия пәнінің ұстазы Абатов Бекболат Абатұлы атындағы дәрісхананың ескерткіш тақтасының жабындысын ашу құрметі ардагер ұстаз Амангелді Хилауов пен профессор, академик Ербол Махмотовқа ұсынылды.
– Президентіміз айтқандай, заман ағымына сай техникалық мамандықтарға көп көңіл бөлу үшін алға қарай әрбір мектепте ғылыми-техникалық бағыттағы жаратылыстану саласын дамытатын бір зертхана немесе дәрісхана ашқан дұрыс. Мұнда балалар жиі келіп, ғылыми кітаптарды оқып, мамандармен кездессе, жұмыс қайнап жатса өте әдемі болар еді. Мысалы, ауданға келген бір ғалымды шақырып, кездесу өткізсе, міне, осындай жұмыстар жасалып жатыр деп мақтанышпен көрсете аламыз, – деп мектепте түлектер қауымдастығы құрылса, Бекболат Абатовтың есімі ауданның бір мектебіне берілсе, ескерткіш орнатылса деген ұсынысын ортаға салды. Соңғы шыққан бір топ кітабын білім ордасына тарту етті.
Ы.Алтынсарин орта мектебінің директоры Алтын Каменова: – Бүгін Бекболат Абатов ағамыздың атындағы оқу кабинетін ашуға мүмкіндік жасалып жатқанына біз өте қуаныштымыз. Жаратылыстанудың қоғамымызда алатын орны ерекше. Соның ішінде біздің мектебімізде дарынды оқушылардың қатары жылдан-жылға еселеп көбейіп келе жатыр. Олардың еркін отырып ой бөлісуіне, осындай кездесулерді өткізуіне жағдай жасайық деп кең кабинетті ашып қойдық. Бекболат ағамыз жөнінде кезінде осы мектепте ғылыми конференция өткен. Бүгінгі ісіміз соның жалғасы. Біз тұйықталып қалмағанына риза болып тұрмыз. Осы кабинет ашылуы арқылы сіздердің ізгі армандарыңызды орындайтын шәкірттер қатары көбейеді деген сенімдеміз, – деп ризашылығын білдірді.
Қанат ҒҰМАРОВ