Мектепте мұражай ашылды

(0 Votes)

Кудряшов ауылдық округіндегі Ғабит Мүсірепов атындағы орта мектепте өлкетану мұражайы ашылды. 

Мұражайдың ашылу салтанатына Қазақстан Жазушылар одағы аудандық филиалының төрағасы, Атырау облысы және Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, академик жазушы, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев, Құрманғазы ауданның Құрметті азаматтары, зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар Жұмақай Ғұмаров, Рифхат Сұлтанияев, Зерек Сағыпазова, аудандық мұражайдың басшысы Жазира Хайрошева, мектеп мұражайларының басшылары және басқалары қатысты. 

Білім ордасының ұжымы қонақтарын ақпен, бауырсақпен, домбырамен күй тартып қарсылап, мектеп директоры Әділжан Өтепбергенов қабылдап құрмет көрсетті. Бұл білім ордасында бүгінде 392 бала білім алып, 55 ұстаз дәріс беруде. Мұражай алдына керілген лентаны Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы, ардагер ұстаз Құрманбай Ниғыметов, мектеп директоры Әділжан Өтепбергенов қиды. Ғимараттың бір бөлмесін түгел алып тұрған мұражай бірден көз тартып, өткен шақты еске түсіреді. Жәдігерлердің бәрі жып-жинақы орналасқан. Қабырғаларында «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы», «Өткен өмір – болашақ бастауы», «Ұстаздар тарихы – алтын қазына», «Туған елдің тарландары» атты көрнекіліктер округте өмір сүрген майдангерлер, еңбек адамдары, ұстаздар жайлы сыр шертеді. Қайық моторы, самауыр, ескі шәйнектер, тамақ пісіретін керосинка (машенкі), ат абзелдері, қол диірмен, тігін машинасы, киіз үй макеті, осы ауылдан шыққан Қазақстанның алғашқы балық министрі Шайқы Әбішевтің бұйымдары және басқаларын, барлығы жүзге жуық экспонаттарды мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақмарал Нұғыманова жақсылап таныстырып шықты. 

Мұражайдың ашылу салтанаты «Өткеннен жеткен өнеге» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Соңында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы сөйлеп: – Бүгін үлкен шара ұйымдастырып жатыр екенсіздер, соған қатысуға Музей күні қарсаңында келіп жатырмыз. Біз қолдан келгенше көмектесіп, ақыл-кеңесімізді беруге тиіспіз. Мектептің бағдарламасы өзі бекіген, жобалық, мөлдір жүйеде. Сонымен жұмыс жасайсыздар. Ал, енді балаларды отансүйгіштікке, азамат етіп шығуға тәрбиелеуде әр мектептің қалыптасқан әдісі болады. Ол әдістердің бірі өлкенің, ауылдың тарихын, қандай белестерден өттік, қандай қиындықтарды көріп, жақсылықтарды білгенімізді кейінгі ұрпаққа жеткізу. Оның біріншісі соны ұрпақтың санасына құя беру болса, екіншісі бүгінгі шақ. Бүгінгі шақтың алдағы міндеті не? Үшіншісі тарихи жоба. Бұған мектепті, ауылды ғана қамтымай, республикалық ғылыми жобаларды бекітіп, соны қорғауларың жатады. Енді ауылды тану бағытында мұражай өте жақсы ұйымдасқан. Сын емес, ұсыныс-пікір ретінде айтатын болсақ, осы елдің қалыптасуы, мұнда болған үлкен өзгерістер мен жұмыстар қамтылғаны жөн. Соның бастапқысынан бүгінге келген жолға дейін тиянақтасаңдар жақсы болар еді. Әуелде бір үйден басталып, кейін осында «Красная Армия», «Новая жизнь», «Сергей Лазо» ұжымшарлары, олардан бұрын балық артелдері құрылды. Бәрі жайлы деректерді жинақтауға мүмкіндіктеріңіз бар. Сонда бір тармақты бітіресіңдер. Мысалы, осы жердің Қазақ еліне қалуында Әлімхан Ермековтің еңбегі зор. 29 жасар Әлімхан мен оған ілескен Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов Қазақстанның шегін бекіту үшін 1922 жылы Бүкілресейлік Орталық атқару комитетінде өткен, бес күнге созылған мәжіліске қатысты. Ең соңында Әлімхан бес сағат сөйлеп, қазіргі отырған жерлерімізді Қазақстанға қалдыртқан екен. Алихан Бөкейханов: «Біздің Әлімхан орыстың адвокатымен бес сағат салғыласып, ақыры бой бермей шықты-ау», деп айтқан. Көрдіңіздер бе 29 жасында Ленинмен пара-пар түсіп тұр ғой. Олай етпесе біз Жайықтың бойынан да айырылып қалуымыз мүмкін еді. Әлімхан бұл жер қазақтың ішкі ордасы болғанын, мұнда қазақтар көп қоныстанғанын айтқаннан кейін Ленин келіскен. Бұл оңайға түскен жоқ. Сібірревкомы Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, астрахандық делегация Орал, Атырау, Маңғыстау облыстары Ресей құрамында қалу керек дегенді алға тартқан. Қазревкомның төрағасы Пестковский Қазақстанда өзгелер сияқты ұлттық автономия құруға болмайды деген. Міне, осы дерек сіздердің мұражайларыңызда болғаны дұрыс. Біз бүгін осы жерде отырсақ, Алаш арыстарының алдында қарыздармыз, – деп «Өренді өлкетанушы» клубының Құрмет грамотасын мектеп директоры Әділжан Өтепбергенов пен мұражайды ұйымдастыруға атсалысқан ұстаз Бауыржан Ғапуовқа табыс етті.

Аудандық музейдің басшысы Жазира Хайрошева өз тарапынан бірнеше адамды Алғыс хаттармен ұлықтады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұмақай Ғұмаров өз сөзінде аудан тарихын түгендеуде  академик-жазушы Ө.Қажымғалиевтің еңбегі зор екеніне тоқталды. Мұражай болмаса халық өткен тарихтан хабарсыз қалатынын, мұғалімдер ел жүрегі екенін айтып, ұжымға шығармашылық шабыт, жұмыстарына сәттілік тіледі. Мектеп ұжымы атынан Бауыржан Ғапуов сөйлеп, ризашылығын білдірді.


Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT