Бірлік ауылдық округіндегі Саттар Имашев атындағы орта мектепте өлкетану мұражайы ашылды. Жас ұрпаққа өткен тарихымыздан берер тағылымы мол мұражайға ауылдың әр жылдардағы өмірінің сыр тұнған айғақтары жинақталған.
Мұражайға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал балықшы Сатыбалды Распековтің киімі, тұтынған бұйымдары, диірмен, ескі радиолар, дабық қаққыш, жастық ағаш, кино көрсетуге арналған және тігіншілік құрылғы, барабандар, танымал тұлғалардың суреттері және басқа да құнды жәдігерлер қойылыпты. «Өренді өлкетанушы» клубының С.Имашев орта мектебіндегі тобының жетекшісі Ұлан Иманғалиев оларды қатысушыларға таныстырды. Музей алдына керілген лентаны Құрманғазы ауданының Құрметті азаматтары, Қазақстан Жазушылар одағы «Теңіз» аудандық филиалының төрағасы, академик-жазушы, аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиев, аталған клубтың мүшесі Қадырбай Жармұхамбетов, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Еділ Баяров қиды.
Келесі кезекте мектептің акт залында «Өренді өлкетанушы» клубы С.Имашев орта мектебіндегі тобының жетекшісі Ұлан Иманғалиевтің жасалған жұмыстар жайлы есебі тыңдалды. Кіріспе сөз берілген осы мектепте 40 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан, оның соңғы 15 жылында мектеп басшысы қызметінде жүрген білім ұясының директоры Ризабек Сапаров қатысушыларға қош келдіңін айтып, бұл жұмыс алға қарай да жалғасын таба беретінін жеткізді. С.Имашев орта мектебінің мұғалімі, С.Имашев орта мектебі жанындағы өлкетанушылар тобының жетекшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ұлан Иманғалиев Бірлік ауылы тарихта есімі елге аян тұлғаларымен танымал екенін айтып өтіп, ауыл тұрғындары Фаруза Хайдарова мен Қалекен Құбайдуллинаны «Дауылпаз» медалімен марапаттады.
Аудандық «Өренді өлкетанушы» клубының төрағасы, академик-жазушы Өмірзақ Қажымғалиев өлкетанушының қоғам өмірінде алатын маңызды орынына тоқталып, бастапқыда ауданда 7 адамнан құрылған өлектанушы тобының мүшелерінің саны қазір 43 адам болғанын қаперге берді. Бір топ адамға «Өренді өлкетанушы» төсбелгісін табыстады. Өз кезегінде аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ербол Баяров, аудандық музей директорының міндетін атқарушы Жазира Мадирова да өз тарапынан ұстаздарды Алғыс хатпен ұлығылады. «Өренді өлкетанушы» клубының мүшесі, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Қадырбай Жармұхамбетов мектеп жанындағы өлектанушылар клубының жұмысына сәттілік тілесе, осы білім ұясының түлегі, мектеп ұстазы Әлия Бекқалиева 1981 жылы бітірген түлектер атынан Ұ.Иманғалиевке шағын естелік сыйлығын ұсынды.
Қанат ҒҰМАРОВ