Аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысын оның төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов жүргізіп, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.
Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Хасенова жыл бойы атқарылған шараларды, кеңес жанынан құрылған клубтардың жұмыстарын егжей-тегжейлі баяндады. Комиссия мүшесі Зәмзагүл Карсакова еш ақысыз, пұлсыз жанкешті еңбек етіп жатқан төрайымның белсенділігін, облысқа, республикаға танылған жұмысын жоғары бағалап, оған бәріміздің куә екендігімізді айтып, алдағы жылы оған арнайы орын мен еңбекақы бөлу мәселесін қарастыруды ұсыныс етті.
Келесі мәселе «Бала тәрбиесі, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалану, балалардың қадағалаусыз қалмауы» бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлфара Құбаева хабарлама жасады. Комиссия мүшелері мектептерге инспекторларды қайтарудың маңыздылығын сөз етті.
Шынында да, оның қызметі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, оларды бұралаң жолдың қалтарысынан да қорғау болып табылады. Мектеп инспекторының көмегімен оқушылар қоғамдық тәртіптің негіздерін түсіне бастайды. Ауданымызда бастапқыда 21 инспектор 33 мектепте жұмыс жасаса, қазіргі таңда штат саны қысқарып тек 8-і ғана қалды. Азғыр бойындағы 3 округке 1 инспектор қызмет етеді. Мектеп жасындағы балалардың арасында құқық бұзушылықтар жиі орын алатыны рас. Осы келеңсіз жайттардың себебін көпшілік мектеп инспекторларының жетіспеушілігінен деп ойлайды. Бала тәрбиесінде формалы тәртіп сақшысының рөлі ерекше екенін айтпай кету мүмкін емес. Қанша қылмысқа жол жоқ десек те, бүгінгі жастар сол жолды тауып алып, өмірден ерте опық жеп жатады. Десе де болашақ ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін ең алдымен олардың тәртібін жөнге салған дұрыс болар. Сондықтан да бала тәрбиесіне келгенде ақшаны желеу етіп, инспекторлардың санын азайтқанымен қылмыс азаймасы ақиқат. Комиссия мүшелері осы өзекті мәселені жан-жақты талқыға алып, мектеп инспекторлары әр мектепке қажет екендігі жөнінде ұсыныс айтты.
Одан әрі «Жастар арасында отбасылық құндылықтарды нығайту, ажырасудың алдын алу бойынша іс-шаралар кешенін өткізу» туралы аудандық жастар ресурстық орталығының бас маманы Мархат Гумарова, Бірлік, Сафон, Жаңаталап, Орлы, Теңіз ауылдық округтері бойынша отбасы құндылығын насихаттау, ажырасудың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, бала тәрбиесі бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде округ әкімдері Гүлжазира Абенова, Роза Қамзаева, Сұңғат Бірәлиев, Жандос Бектемиров, Қайсар Мақсотовтың хабарламалары тыңдалды.
Айнагүл Шакупова