Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы саласын әртараптандыру мәселесі басты назарда тұр. Әртараптандырудың басты бағыты – халықты қысы-жазы көкөністермен қамтамасыз ету үшін жылыжай өндірісін дамыту.
Осы мәселені қолға алған «Құрманғазы – туған жер» қоғамдық қоры Орлы ауылына қарасты Н.Манаев атындағы жалпы орта мектептің ауласына жылыжай салуды бастап кетті. Күні бүгін оның сыртқы жағы толығымен құрастырылды. Жылыжайдың бүгінгі таңда өзектілігіне келетін болсақ, мектеп оқушыларының биология пәнін тәжірибемен ұштастыру, еңбекке баулу және келешекте жылыжай ісінің мамандарын даярлау болып табылады. Алдағы уақытта жылыжайды сыртқы, ішкі жабдықталу жұмысы күтіп тұр. Ауылдық жердегі әлеуметтік жобаның бас демеушісі «ШЕЛЛ» компаниясының қаржыландыруымен, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен жүзеге асып жатқан игілікті жұмыс жанданса, өзгелерге үлгі болар еді.
- Бұл жобаны қолға ала отырып, ауданның көгалдануына үлкен үлес қосарымыз анық. Сонымен бірге, көкөніс өсіруде біраз қиындыққа тап болатынымызды әрине жақсы білеміз. Бұған климаттық жағдайымыз да әсер етпей қоймайды. Сол себепті, жылыжай ісін бастап қана қоймай, оны тұрақты жолға қою қажет деп есептеймін, - дейді аталмыш қоғамдық қордың жетекшісі Азамат Абдуллаев.